Бала болсам да, менің құқықтарым бар [Жанат Жанғалиева] (fb2) читать онлайн


 [Настройки текста]  [Cбросить фильтры]

Жанат Жанғалиева Бала болсам да, менің құқықтарым бар

Автордан Бір Ауыз Сөз

Жанғалиева Жанат

Педагог, Юрист

Баланы тұғаннан құрметтеу керек, оның құқықтарын білу керек, онымен санасу да керек. Сонда ғана өзін бағалайтын, басқаны да құрметтейтін, өзіне сенімді, мықты азамат қалыптасады.

Өмірімізде балаға қатысты орын алған стереотипті дағдылардан тазарайық. Өйткені біз баламызды тек біз үшін ғана емес, әлем үшін жақсы үлес қосатын, сол әлемнен өз орынын таба алатын азаматтар тәрбиелеуді армандаймыз ғой

Кіріспе

Мен баламын. Cіз білесіз бе, біздің елде бала құқықтарын қорғау туралы заң бар. Әлемде “Бала құқықтарын қорғау” декларациясы бар. Аталған декларацияда “Бала туылғанға дейін және туылған соң да, оның тәні мен ақыл-есінің жетілмегеніне байланысты арнайы қорғау мен қамқорлықты қажет етеді” деп көрсетілген. Бұл дегеніміз, біздің, яғни балалардың құқықтары қорғалуы тиіс.

Бала құқықтары конвенциясы Нью Йоркте 1989 жылы 20 қарашада қабылданды.

Бір өкініштісі, бұл конвенцияға бүкіл әлемдегі мемлекеттер толық қол қойып, бала құқықтарын қорғауды заңды түрде қабылдаған жоқ.

Ал біздің отанымыз Қазақстан осы халықаралық конвенцияға 1994 жылы 16 ақпанда Нью-Йорк қаласында қол қойды. Бұл дегеніміз – мемлекетіміз балалардың құқықтарын қорғайды деген сөз.

Мемлекетімізде 18 жасқа толмаған кез-келген адам бала болып саналады.

Қымбатты ата-аналар және достар, осы кітапта жазылған құқықтарымызды әрқашан біліп жүрейік.

Мен кішкентай ғана баламын, соған қарамастан менің өз құқықтарым бар. Мен өз көздерімнің, қолдарымның, даусымның, айтар сөзімнің иесімін. Менің жүрегім және сезімдерім бар. Мен толыққанды адаммын, тек айырмашылығым: менің тәнім мен ақыл-есім әлі жетілмеген, мен әлі өсіп жатырмын.



Менің аты-жөнім бар. Мені кемсітетін сөздер, намысыма тиетін лақап аттар маған ұнамайды. Менің кішкентай жүрегімді жаралайды. Менің ата-анам менімен тең деңгейде сөйлескенін қалаймын. Бұл мені қанаттандырады, одан сайын өсіреді, өзімді бақытты және мықты сезінемін.



Маған мейірім мен махаббат беретін отбасым болуына құқым бар.



Өз үйім деп санайтын Отаным болуына құқылымын.



Менің өсіп жетілуім үшін жейтін азығым, ішетін таза суым болуына, химиялық заттармен уланбаған жеміс-жидек пен көкөністерді жеуге құқылымын.



Менің тап-таза ауамен демалуға құқым бар.



Іші жып-жылы үйде өмір сүруге құқым бар.



Кедей болмауға, өзіме жететін заттарымның болуына құқым бар. Маған жетерлік мөлшерде болса болғаны, шамадан тыс заттар керек емес.


Мен сапалы дәрі-дәрмек пен дәрумендерді пайдалануға, медициналық көмек алуға құқылымын.


Мен алаңсыз жүгіріп ойнауға, секіруге, еркін айқайлап –алақайлап күлуге құқылымын. Көңiлдi, қуанышты жүру керемет емес пе?



Мен мектепке барып оқуға, тегін сапалы білім алуға құқылымын. Мен автомобилдер қалай жүретіні жайлы, құстар мен басқа да жан-жануарлар туралы көп білгім келеді. Менің бұларды білуге құқым бар.



Балаларды “ұлдар” мен “қыздар” деп бөлгенді ұнатпаймын. Себебі ұлдар мен қыздар тең құқылы. Ақпын ба, қарамын ба, нәсіліме, шашым мен денемнің түсіне, кедей немесе бай болуыма, отбасымның хал-жағдайына қарамастан құрметке бөленуге құқылымын.


Мен мүгедек болған жағдайда да, менің барлық құқықтарым қорғалуы тиіс. Мені кемсітуге жол берілмеуі тиіс.


Мен зорлық пен зомбылықтан азат болуға құқылымын. Менің құқықтарымды бұзуға ешкімнің хақысы жоқ.



Мен отбасын асырау үшін ауыр жұмыс істемеуім керек.


Мен ата-анамды, достарымды, Отанымды, бүкіл әлемді, ғаламшарды құрметтеуге құқым бар.


Ата-анам мені жақсы көргенін, болашақта жетістіктерге жетіп, дамуым үшін мені қолдап, қамқор болғанын қалаймын.



Өскенде, оқуды бітіргенде, өзіме ұнайтын болашақ мамандықты және жұмысты өз еркіммен таңдап алуға құқым бар.


Қиын жағдайға ұшырасам маған ересектер қамқорлық көрсетіп, қорғауы тиіс. Мен кішкентай сәбимін ғой.



Қамқорлық пен махаббатқа мұқтажбын. Мен есейгенде өзім де басқаларға қамқор болғым келеді. Мен сәби шағымда нағыз сәби болғым келеді. Мен еркелегенді жақсы көремін. Маған жақындарым жылы шырай танытса қуанамын.



Менің соғысқа қарсы болуыма құқым бар. Мен соғыстан, найзағайдан, қараңғыдан, отаныма бағытталған қауіпті ракеталардан қорқамын. Ересектер қару-жарақ пен қауіпті зымырандарды бұғаттағанын қалаймын.



Менің алаңсыз ойнауға, қиялдауға, сурет салып, ойыншықтар мен қиялымдағы заттарды құруға құқылымын. Ересектер мұны түсініп, менің білімге талпынысымды қолдағанын қалаймын.



Мен әртүрлі қуанышты кейіпте, риясыз күлкі құшағында достарыммен ойнауға құқылымын.

Балалармен бірігіп ойнап-күлген – мен үшін өте қызық.



Өзімді еркін адам ретінде сезінуге құқым бар. Тіпті менің сөздерім мен ойым әкеме ұнамаса да, өз ойымды толық және еркін айтуға құқылымын.

Тіпті менің сезімдерім анама ұнамаса да, өз сезімдерімді білдіруге құқым бар. Осы құқықтар менде болуы тиіс. Себебі мен кішкентай ғана баламын, мен сәбимін.



Балалар құқығын қорғайтын Конвенцияға қол қойған 193 мемлекеттің арасында менің мемлекетім – Қазақстаным болғандықтан, мен осы құқықтардың бәріне толық ие болуға құқылымын.



Бүкіл жер бетінде балалар құқығы қорғалса деймін. Мүмкін ертең немесе біраз уақыт өткенде әлемнің барлық мемлекеттері бұл заңға қол қояды деп үміттенемін. Баланың құқықтарын қорғайтын Конвенцияға осы күнге дейін қол қоймаған ел болса, қол қойғанын қалаймын.

Біздің құқықтарымыздың дәл қазір, дәл бүгін құрметтелгенін, қорғалғанын қалаймын, бұл өте МАҢЫЗДЫ. Себебі дәл бүгін, дәл қазір мен сәбимін.

Біріккен Ұлттар Ұйымында 1989 жылы 20 қарашада қабылданған Конвенция 54 баптан құралған.

Бала құқықтарын дискриминациялауға – жол жоқ.

Баланың дені сау болып өмір сүруіне, бала өзіне байланысты тақырыптарға өз пікірін қалыптастыруына менің айтарым – ИЯ.

Балаларды соғысқа қатыстыру, порнографиялық әрекеттерге итеру – қылмыс.

Бұл әрекеттерге – ЖОҚ деймін.

Бұл қылмысты істерден балаларды қорғау – міндет.

Өкінішке орай, біздің әлемде, аш-жалаңаш, ішер таза суы жоқ, медициналық көмекпен қамтамасыз етілмеген, жынысына байланысты қорлық көріп жүрген, мектепке бару – арман болып қалған, яғни өз құқықтары тапталған балалар бар.

Бала құқығын қорғау – аса маңызды, салауатты, сауапты міндет, бала – елдің ертеңі. Еркін, құқығы құрметтелген бала – ертең ел тірегі болары сөзсіз.

Бала – тұлға, бала – адам. Баланың адам болғандықтан құқықтары бар.

Бұл кітапты тегін береміз.

Жүктеп алыңыздар. Достарыңызбен және жақындарыңызбен бөлісініздер.

@azhekabooks (Instagram)



Кітаптағы суреттер автордыкі.