Armanga bastar asular [Камшат Балтабаевна Бекежанова] (fb2) читать онлайн


 [Настройки текста]  [Cбросить фильтры]
  [Оглавление]

Камшат Бекежанова Armanga bastar asular

Кіріспе

Ең алғаш рет айтулы мектеп жайлы кітап жазуды қандай тақырыптан бастағаным жөн болар екен?-деп ойландым. Бұл кітап барлық оқырманға түсінікті, болашақ ұрпаққа қандай да бір пайдасы тиетіндей болғанын шын жүрегіммен қалағаным рас. Егер адам баласы өзінің болмысы мен шыққан тегінен бейхабар болса, онда оның болашағы да бұлыңғыр болары сөзсіз.

Құрметті оқырман, бұл кітаптың кіріспе бөлімінде біздің ата-бабаларымыздың қандай дана да, ғұлама болғаны, ата-тегіміздің ілім-білімге деген ізденісі туралы сөз қозғалады. Ұлы ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің барлық саладағы біздерге қалдырған сарқылмас қазынасы мен өмір сурудегі мән берілу керек басты формулулаларымен таныс боласыздар. Бұрын оқыған болсаңыздар тіптен жақсы. Сонымен қатар, қазақ жерінде тұңғыш ашылған физика-математикалық бағытта білім беретін алғашқы мектептің ғұмыр тарихы жайында естелік жазуды жөн көрдім.

«Адам-елеусіз тозаң сияқты із-түзсіз құрып кету үшін тумайды. Адам артынан із қалдыру үшін, болашақ ұрпағына, жер бетінде басқа да адамдардың ақыл-ой дүниесінде, жүрегінде ұмытылмастай іс қалдыру үшін туады»,– деген екен бір ғұлама. Осы сөздің мәнін де, мағынасын да өз ісімен дәлелдей білген аяулы ұстаздар мен мектеп іргетасын қалаған жандардың жасаған жақсылықтарын айтпау, елемеу мүмкін емес!

Арманға бастар – асулар!

Бастау


Қара топырақтың шаңын шығарып, қара қазанға піскен сүттің қаспағын қырып жеп, сарқырап ағып жатқан өзенге балықша сүңгіп, ен далада еркін өскен қаншама қазақтың қара домалақ балаларының биік мақсатқа жетуіне жол ашқан, ұлы баспалдақ – ол арман баспалдағы. Адам баласы дүние есігін ашқан сәттен бастап, еріксіз сананың қалауымен арманға жол тартады. Ең басты арманы аяулы анасының ыстық құшағына бөлену болса, ары қарай есін біліп өзін-өзі таныған сайын арманының да ұлғая түсуі айдан анық. Сол арманға жету жолында талай биік-белестерді бағындыруы таңсық емес. Адамзаттың қанына сіңген жангештілікпен пара-пар дүние. Жер бетіндегі алты құрлықтың ішінде, көлемі жағынан тоғызыншы орынды иеленіп, ұлан-байтақ дархан даланы мекендеген ата-бабаларымыздан қалған қасиет. Әуел бастан, халқымыздың ғылым-білімге деген құштарлығы, қиялындағы арманға жету жолында қадам басқан алғашқы баспалдағының бірі. Әлемді мойындатқан бабаларымыздың салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, ой-өрісінің ұшқырлығы болашағымыз үшін сарқылмас қазына іспеттес. Ұрпағына қалдырған теңдессіз ілім жауһары, әлі күнге дейін, бізге азық болып келеді. Абыз аталарымыздың шынында да, даналығына бүгінгі ғылымның өзі көз жеткізіп отыр. Егер, қазақтың тарихына қателеспей көз жүгіртер болсақ, әлі де талай шындықтың қаймақша қалқып тарих бетіне шығары сөзсіз.

Тас, мыс, қола дәуірлерінде өмір сүрген ата-бабаларымыз, әлемде алғаш болып жылқыны қолға үйреткен халық. Металлдың құпиясын меңгеріп, мысқа қалайыны қосып, қоланың жасалу жолын ойлап тапқан. Ең көне қала, Арқайым қала өркениетін қалыптастырып, әлемді мойындатқан. Осындай халықтың мінез-құлқын, өзінің өмір жолында кездескен көптеген кедергілерді жоя білген, буырқанып таудан аққан өзен суының дүлей ағысына теңеуге болады. Өмір сүру дағдысы да өзгеден ерекше, дана халқымыз пайдаланған, күнделікті жейтін жылқының етін, оның сүтін, ірімшікті, кілегейді, айранды отырықшы елдер тіпті білмеген деседі. Сонымен қатар, малдың жүнінен, терісінен қажетті киім-кешектер, бас киімдер, аяқ-киім, құрал-саймандар салатын қоржындар, ыдыстар, киіз үйлер, төсеніш киіздер, кілемдер жасаған. Орталық Қазақстан аумағында қола шығару үшін қажетті материалдық-техникалық база қалыптастырған. Әлемде сирек, тіпті мүлдем кездеспейтін кен байлықтардың қоры шоғырланған кең байтақ, ұлы мекенді иемденген. Сондай-ақ, дөңгелекті соғыс арбаларын, үзеңгіні, ауыздықты да дала халқы ойлап тапқаны тарихи зерттеулерден белгілі. Мыс, қалайы, күміс, алтын және т.б. металлдарды ұрып-соғып балқытып, сан алуан зергерлік бұйымдар жасап, сауда-саттық орталығына айналған. Қазақтардың ата-бабалары саналатын сақтар, үйсіндер, қаңлылар, ғұндар Еуропаның халықтарынан әлдеқайда ерте кезеңнен бастап, өздерінің мемлекеттерін құрғаны, басқару жүйесінің қалыптасқаны, мәдениеттілігінің көрсеткіші саналатын жазуының болуы археологиялық зерттеулер нәтижесінде дәлелденген.

Осы орайда, біздің заманымызға дейін білім алу дағдысы болмаған, қазақ халқы тек мал бағып, оны көбейтумен ғана айналысқан деген сан алуан пікірдің қалыптасуына нүкте қоюға болатын секілді. Тамаша мәдениетті қалыптастырып, ұлы ғұламалардың әлемдік революцияға айналған тың жаңалықтар ашуына жол ашқан, бабаларымыздың тектілігін бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Менің осы уақытқа дейінгі бір байқағаным, өсіп келе жатқан қаракөздеріміз тарихтың тереңіне үңіліп, қызықпайды. Олардың көз алдында теледидардан көрсетілетін ашаршылық кезеңіндегі түсірілген, халқымыздың үдере көшкен, жан түршігерлік аянышты бейнесі ғана қалып қойған сыңайлы. Ал, сәні мен салтанаты жарасқан хан ордалары мен тамаша көне қалалар туралы көріністер кемде-кем.

Осы орайда, болашақтың білуі тиіс мәліметтерді атап өткім келеді. Қазақстан астаналарының тарихы да өте бай болған. Үш мемлекеттің: Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағандықтарының астанасы Суяб қаласының іргесі негізізнен бесінші ғасырда қаланған. Орталық Азиядағы аса ірі қалалардың бірі Баласағұн (Ақтөбе) – Батыс Түрік қағандығының, Қарахан және Қарақидан мемлекетінің бас қаласы болған. Ең көне астаналардың бірі – Тараздың атағы V – VII ғасырлардың өзінде-ақ, Қытайдан Византияға дейін тараған. Тараз грек ғұламасы Птолемейдің картасына түсірілген. X-шы ғасырдан бастап Тараз Қарахан әулеті өкілдерінің астанасы, көп уақыт бойы экономикалық орталық, Ұлы жібек жолындағы жетекші сауда орны болған. Жазба деректерде «Бірінші қала» атанған даңқты Испиджаб (Сайрам) VII-ші ғасырдан белгілі. Күлтегін, Білге қаған тас ескерткішінде Тарбанд деген атпен жазылған Отырарды қалай ұмыт қалдыруға болады? IX– XI ғасырларда Сыр өңіріндегі Жанкент (Янгикент) Оғыздар мемлекетінің, ал Ертіс бойындағы Имақия қаласы Қимақ мемлекетінің өркендеген астанасы атанған. Дешті Қыпшақтың астаналары Орда Базар мен Женд, Ақ Орданың бас қалалары Сауран мен Сығанақ әлденеше рет қиратылып, қайта жанданған. Рузбехан жазбаларында (XVI- ғасыр) Сығанақ саудасы өркендеген, бау-бақшасы жайқалған, қазақтың бай қаласы ретінде аталған. Қазақ хандары Тұрсынның, Жолбарыстың, Рүстемнің, Абдолланың, Әбілғазының астаналары Ташкент қаласы болған. Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласының тарихи орны да ерекше мекен. Түркістан Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Семеке (Тәукеұлы), Әбілмәмбет, Сейіт, Есім, Болат, Абылай, Тоғай хан тұсында қазақтардың айбынды астанасына айналған. Шаһар жалпы түркілік мәнге ие еді. Қожа Ахмет Иасауидің есімі мен кесенесі оны Орталық Азияның діни астанасы – екінші Мекке мәртебесіне дейін жеткізгені мәлім. Бүгінде, сол қасиетті мекеніміз қайта жанданып, тамаша туристік орынға айналуда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен бастау алған үлкен құрылыс жобасы жүзеге асырылып, болашақта жан-жақты дамыған туристік орталық болары сөзсіз.

Еліміз сан ғасырлар бойы арман еткен, тәуелсіздікке қол жеткізіп, дербес мемлекетке айналған соң, 1994 ж. соңғы екі ғасыр тарихында қазақ халқы тұңғыш рет өз мемлекетінің астанасы туралы батыл шешім қабылдады. 1997 ж. 20-шы қазанда ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ақмола қаласының (1998 жылдың 6 мамырынан – Астана қаласы) Қазақстан Республикасының жаңа бас қаласы болғанын жариялады. Бұл шешім мемлекетіміздің жаңа бағытта, әлемдік деңгейде дамып, өркендеуінің ұлы бастамасы болғаны даусыз. Бүгінде ел астанасы білім мен мәдениеттің, бірлік пен таулықтың символы іспеттес әсем де, заманауи мекенге айналған. Әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған жұртың жер кіндігінде орналасқан «Арман қаланы» көруге деген қызығушылығы жыл санап өсіп келеді. Кітап тақырыбының да «Арманға бастар асулар» атанауының себебі , дәл осы шаһармен тікелей байланысты.

Егер, адам баласы өсіріп жатқан жемісін тек қураған жапырақтарынан ғана тазартып отыратын болса, өсімдіктің күтімі дұрыс болар ма екен?-деген сұрақ мені де мазалап, қолыма қалам алған сәттен бастап, әрбір тіршілік иесінің тамырынан қоректеніп қана жайқалып өсеріне, тегіне қарап бой түзейтініне баса назар аудару қажет екенін тілге тиек етемін. Болашақ ұрпағымыз өзі шыққан тегін мақтан тұтып, түп-тарихымыздан нәр алып, ұлы елдің ұрпағы екенін мәңгі есте сақтауы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан, қазақтың тарихи мәні бар, өркениеті мен мәдениеті дамыған көне қалалары жайында жас жеткіншек хабардар болуы тиіс деп, арнайы тоқтала кетуді жөн санадым.

Көне қалалардың бірі-Отырар. Отырар қаласы VIII-ші ғасырдың басында әлемге Тарбанд деген атауымен белгілі болған. Бұл атау Күлтегін және Білге қаған құрметіне арналған көне түркі жазбаларында кездеседі. Араб тарихшысы Табаридің зерттеулеріне көз жүгіртсек, Отырар IX- ғасырдың өзінде –ақ ірі қала болған! Оның айтуынша, бас қала аймақ есімімен Фараб аталған.

X-ғасырдан кейін Кедер тарихи және географиялық жазбаларында ірі астаналар осы аймақта – Фараб делінген. Отырар V-XV ғасырларда Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Монғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы үлкен қала болды. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, қалада сол кезде әлемдегі аса ірі кітапхана және көптеген мешіт-медреселер болған. Отырар қалаларының үйлері ерте кезеңнен-ақ кварталдық жүйемен тұрғызылған. Әдетте 4-6 үй бір кварталды құрайды. Тағы да құнды ерекшеліктерінің біріне қыш ыдыстарға салынған 100-ге тарта таңба белгілері жатады. Белгілердің негізгі тобы ру-тайпалық таңбалар. Бір ерекшелігі, мұнда қазақтың үш жүзіне де кіретін ру-тайпалардың таңбалары бар. Жергілікті мекен еткен халық мал шаруашылығы мен бірге жоғары дамыған егіншілік бағытын да ұстанған. Ұсталық, зергерлік қолөнер де жақсы дамыған.

Жоғарыда атап өткен Отырар медресесі жайында бірер дәлел келтіре кетуге болады. Отырар медресесі – Отырар қаласында болған ортағасырлық діни оқу орны. VIII- ғасырдың аяғында құрылып, монғол шапқыншылығына дейін жұмыс істеген. Медреседе жан-жақтан білім іздеп келген шәкірттер 10-жыл бойы тәрбиеленді. Білім алушы шәкірттерге түске дейін сабақ берілсе, түстен кейін медресе жұмысына атсалысқан (аула сыпыру, ас пісіру, бау-бақша суару, т.б.). Жұмыстары аяқталған соң шәкірттер сабақ барысында берілген тапсырмаларын орындаған. Отырар медресесінде алғашқы 5-жылда сол заманғы әлемдік үш тіл: түркі-қыпшақ, парсы, араб тілдері оқытылды. 5-жылдан кейін шәкірттерге діни сабақтармен қатар астрономия, геометрия, музыка, т.б. ілімдер бойынша жан-жақты білім берілген. Отырар медресесінде ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби оқыған.






Әбу Насыр әл-Фараби

Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 ж.ш)-әлемге әйгілі ойшыл, филосов, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім..,»-деп ескертуінде Фараби еңбектерімен сусындағаны белгілі. Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлы шығармаларындағы пікір сабақтастығын, ақын шығармашылығы нәр алған рухани көздерінің түп-төркініне зер салатын болсақ, алдымен екі ұлы ойшылға ортақ «жан қуаты» немесе Абайдың өз сөзімен айтқанда «өзін танымақтық» жөніндегі көзқарасына айрықша назар аудара отырып, екі ойшылдың да тамаша филосов екендігін байқадым. Сонымен қатар, кітапты жазу барысында Ұлы тұлғалардың ұқсастықтарына да тоқтала кетуді жөн көрдім. Адамзат тарихында ғылыми ойдың үздіксіз даму барысында «өзін танымақтың» немесе «жан қуаты» туралы ойлардың қалыптасу жолдарын танып, білу күрделі мәселеге айналып, бастан-аяқ қарама-қарсы көзқарастардың өріс алуына түрткі болды. Адамның өзін танымақтық жөніндегі ілімнің алғашқы қадамы көне дүние философтарынан басталса да, оны өз заманында ғылыми жүйеге түсіріп, қалыптастырған дана бабамыз – Әбу Насыр әл-Фараби. Жалпы «жан қуаты» немесе «өзін танымақтық» жайлы күрделі ой       сарасына қазақ топырағында арғы заманда Фараби, соңғы дәуірде Абай атамыз терең бойлап барған. Абай өлеңдері мен қарасөздеріндегі жан қуаты жайлы ой толғауында «жан құмары», «жанның жибили қуаты», «жан қуаты», «жанның азығы» т.б. осы іспеттес философиялық сарындағы ойларын таратқанда: «Жан қуаты деген қуат-бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сиғызбайды»-деп, айрықша ескертудің өзіндік себептері бар. Бұл тұжырымнан ақынның «өзін танымақтығы» жөніндегі ілімнің тарихымен толық таныстығы анық байқалып, өз тарапынан ойларын кең түрде тыңдаушыларына молынан жеткізе алмаған өкініші де сезіледі. Жан қуаты жөнінде Фараби қолданған философиялық терминдер Абайдың өлеңдері мен Жетінші, Он жетінші, Жиырма жетінші, Отыз сегізінші, Қырық үшінші қарасөздерінде сол түпнұсқадағы қалпына немес қазақы ұғымға сай балама сөздермен оқырманға жеткізе білген. Ақынның Он төртінші, Он жетінші қарасөзі мен «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек…», «Көзінен басқа ойы жоқ…», «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа…», «Алла деген сөз жеңіл…», «Жүрек –теңіз, қызықтың бәрі асыл тас …» өлеңдерінде арнайы сөз болып, талқыланатын ақыл, қайрат, жүрек, жайлы философиялық мағынадағы ойларының бастау алар көзі Фараби еңбектерінде жатыр. Фараби «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» атты еңбегінде адамның өзін танымақтығы жөнінде айтылатын ойларын «өсімдік жаны», «хайуан жаны», «адам жаны» деп жүйелейді. Адам жанына (интеллект), оның ішкі және сыртқы сезім мүшелеріне талдау бергенде жүрекке үнемі шешуші мән беріп, ерекше даралай көрсетіп отырады. Фараби «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ, мұның үстемдігі бірінші емес» – деп, жүрекке шешуші мән бере қараса, Абай да: «Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ менің ісім»– депті. «Бірақ, сонда билеуші жүрек болса жарайды»– деген тұжырымға келеді. Бұдан екі ұлы ойшылдың да жүрек жөніндегі танымдарының негізі бір екені, тек баяндау түрі басқаша берілгені көрінеді. Ақын Фараби ұйғарысындай жүрекке шешуші мән-мағына берумен қатар, оны ізгілік, рақым, шапағат атаулының шығар көзі, тұрар мекені деп біледі. Әл-Фараби сезім мен ойлау, тәрбие мен іс-әрекет жүйесін жетілдіру мәселесіне қайта айналып соғып отырған. Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді деп ескертеді.Оның пікірінше, тұңғыш рет философиялық бағыттың алғаш негізін салушы – грек философы Пифагор, яғни пифагоршылар мектебі. Бұл жерде Фараби ежелгі Грекиядағы негізгі ғылыми философиялық мектептерге шолу жасап, өз пікірлерін ортаға салады. Философия, Әбу Насыр Әл-Фарабидің білуінше, адамда ғана болатын “ең ерекше” игілік – ақыл, парасат арқылы меңгеріледі. Ақыл, парасаттың қызметі қалай болса, солай бет-алды жүргізілмеуге тиіс, онда мақсаттылық сипат алады. Оның негізін логика өнері қарастыратын ойлаудың дұрыс әдістері құрады. Әбу Насыр Әл-Фарабидің атап көрсетуінше, адам өзінің бақытқа жету жолын логикадан бастаған жөн. Бір сөзбен айтқанда, Фараби адамдардың өз көздеген мақсатына жетуі оның өзіне ғана байланысты екенін айтады. Адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиіс, адам тек ақиқатты, айналадағы дүниені танып-білу арқылы жетіледі деп түйін жасайды. Әбу Насыр Әл-Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болу керек деп есептейді. Өйткені, жақсы істер істеп, мұның төлеуін күтсе, адам бұл істерін жамандыққа айналдырады. Әбу Насыр Әл-Фараби өз заманындағы ғылымның барлық салаларынан, әсіресе, математика, астрономия, физика, жаратылыстану ғылымдарынан көп мұралар қалдырды. “Ғылымдар тізбегі” деген еңбегінде сол кездегі ғылымды үлкен-үлкен бес салаға бөледі:

1) тіл білімі және оның тараулары; 

2) логика және оның тараулары; 

3) математика және оның тараулары; 

4) физика және оның тараулары, метафизика және оның тараулары; 

5) азаматтық ғылым және оның тараулары, заң ғылымы және дін ғылымы.


Ғалым бұл ғылымдардың бәрінің пәнін анықтап, қысқаша мазмұнына тоқталады. Әбу Насыр Әл-Фараби математик ретінде өзара тығыз байланысты үш салада еңбек еткен.

Олар:

1) математиканың методол. мәселелері (математикалық ғылымының пәні, негізгі ұғымдары мен әдістерінің шығу тегі)

2) математикалық жаратылыстану

3) математиканың кейбір нақты тарауларын жасауға қатысуы.


Әбу Насыр Әл Фараби математиканы жеті тарауға бөледі:


арифметика

геометрия

оптика

астрономия

музыка

статика

механика – әдіс айла жөніндегі ғылым.


Ол – алгебраны математиканың дербес бір саласы ретінде қарастырып, алгебра пәнін алғаш анықтаған оқымыстылардың бірі. Осыған байланысты Әбу Насыр Әл-Фараби сан ұғымын он нақты сан ұғымына дейін кеңейту туралы аса маңызды идея ұсынған. “Ғылымдардың шығуы” деп аталатын трактатында математиканың шығу тегі мен себептерін ашуға тырысады. “Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарының кіріспелеріндегі қиын жерлерге түсініктеме” деп аталатын еңбегінде математиканың методол мәселелері жөнінде құнды-құнды пікірлер айтқан. Ол ұзақ уақыт мінсіз, мүлтіксіз саналып келген Евклид “Негіздерін” сынауға, өңдеуге, түзетуге болатынын іс жүзінде көрсетіп, математиктерге дұрыс жол сілтеген. Әбу Насыр Әл-Фараби математиканың философия ірге тасын қаласумен қатар, оны табиғат құбылыстарын зерттеуге батыл қолданудың қажеттігін іс жүзінде танытты. Әбу Насыр Әл-Фараби пікірінше, математика анық, ақиқат білімді береді және басқа ғылымдардың дамуына күшті ықпал жасайды. “Астрологиялық болжамдарда не дұрыс, не теріс” деп аталатын еңбегінде ол ғылыми астрологияны астрономиядан бөліп қарап, Аристотельдің логикалық шығармаларында айтылған қағидалар мен жаратылыстану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып, белгісіз, кездейсоқ құбылыстарды алдын ала болжауға болатынын немесе болмайтынын ажыратуға тырысады. Әбу Насыр Әл-Фарабидің бұл пікірлерінің кейіннен ықтималдар теориясының философия, логикалық негіздерін қалыптастыруда маңызы зор болды. Ол математикалық, жаратылыстану саласында ірі еңбектер жазған. Әбу Насыр Әл-Фараби ежелгі гректің ұлы математигі және астрономы Птоломейдің “Алмагесіне” көлемді түсініктеме жазған. Бұл еңбек “Алмагеске түсініктеме” деген атаумен белгілі. Астрономия және математикалық тарихында үлкен маңызы болған Әбу Насыр Әл-Фарабидың бұл трактаты тригонометрияны дамытуға да игі ықпал жасады. Ол өзіне дейінгі және тұстас математиктердің еңбектеріне сүйене отырып, тригонометрия сызықтар жөнінде өз ілімін жасады. Мұндағы негізгі бір жаңалық Әбу Насыр Әл-Фараби синус, косинус, синус-ферзус, тангенс, котангенс сызықтарын бірыңғай радиусы тұрақты шеңбер ішінде қарастырды. Олардың арасындағы бірсыпыра қатынастарды ашты, кейбір қарапайым қасиеттерін айқындады. Ол тригонометрияның кестелер жасауда аса қажет болып табылатын бір градус доғаның синусы мен косинусын анықтауда елеулі табыстарға жеткен. Әбу Насыр Әл-Фараби осы айтылған тригонометрия мағлұматтарға және басқа да қосымша математика материалдарға сүйене отырып, “Алмагесте” қарастырылған астрономия және география мәселелерін математика жолмен шешудің ең жеңіл әдістерін ұсынады. “Геометриялық фигуралардың егжей-тегжейі жөнінде табиғи сырлары мен рухани әдіс-айлалар кітабы” геометрия салу есептерін сұрыптап, бір жүйеге келтірген. Жүзден аса есептің салу әдістері көрсетілген. Бұлардың ішінде: парабола салу, бұрышты трисекциялау, кубты екі еселеу, дұрыс көп бұрыштар салу, көп жақтар салу, жазық фигураларды түрлендіру т.б. бар. Әбу Насыр Әл-Фараби адымы тұрақты циркуль мен бір жақты сызғыш жәрдемімен шешілетін есептерді мол қарастырды. Осы еңбекте 3, 4, 5 т.б., яғни өлшемді куб салу есебін ойша қалай шешу идеясы бар, оның “Болжамдағы геометрияға кіріспе” атты трактат жазғаны мәлім, бірақ ол еңбегі бізге жетпеген. Осыған қарағанда Әбу Насыр Әл-Фараби көп өлшемді абстракция геометрияның идеясын алғаш айтушылардың бірі деп жорамалдауға негіз бар. Әбу Насыр Әл-Фарабидің трактатын математикалық тарихшылары осы уақытқа дейін атақты Хорасан математигі Әбу-л-Уафаға теліп келгені анықталды. Әбу Насыр Әл-Фараби арифметикалық саласында “Теориялық арифметикаға қысқаша кіріспе” деп аталатын еңбек жазған. Оның көптеген логикалық еңбектерінде математикалық логиканың элементтері де кездеседі. Әбу Насыр Әл-Фарабидің математикалық идеяларын, мұраларын Әбу-л-Уафа, Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Әбу Райхан Бируни, Омар һайям сияқты шығыс ғұламаларымен қатар Роджер Бэкон, Леонардо да Винчи тәрізді Еуропа ғалымдары да көп пайдаланған. Физика саласындағы Әбу Насыр Әл-Фарабидің көрнекті еңбегі “Вакуум туралы” деп аталады. Мұнда ол вакуум жоқ екенін ежелгі гректерде сирек кездесетін тәжірибеге сүйенген логикалық қорытындылар арқылы дәлелдеуге тырысқан. Әбу Насыр Әл-Фараби бұл еңбегінде вакуум мәселесінен басқа да физиканың әр түрлі мәселелерін қарастырып, сол кездегі ғылымның дәрежесіне сай өз шешімдерін дұрыс тапқан (дененің жылудан ұлғаюы не кішіреюі, түсірілген кернеуге, қысымға байланысты ауа көлемінің ұлғаю немесе кішірею заңдылықтары, ауаға түсірілген кернеудің берілуі, т.б.). Әбу Насыр Әл-Фараби химия, медицина, география, минерология т.б. жаратылыстану ғылымдары бойынша да шығармалар жазған: “Алхимия өнерінің қажеттігі туралы” атты трактатында өз тұсындағы алхимиялық білімдерді талдап, алхимияның жалған қабыршағынан ғылыми дәнін бөліп алып, оны белгілі бір зерттеу пәні бар жаратылыстану ғылымының бір саласы ретінде қарастырады. Әбу Насыр Әл-Фараби медицина саласында “Адам ағзалары жөніндегі Аристотельмен алшақтығы жөнінде Галенге қарсы жазылған трактат]]”, “Жануарлар ағзалары”, “Темперамент туралы” т.б. еңбектер жазған, онда негізінен медицинаның теория мәселелерімен айналысып, медицина өнерінің пәнін, міндет-мақсатын анықтап беруге тырысады. Әбу Насыр Әл-Фарабидің философия және натурфилософия еңбектерінде жаратылыстанудың көптеген мәселелеріне тоқталады.Жаратылыстану саласында жазған трактаттары да, бұл салаға қосқан жаңалықтары да қыруар. Физикалық құбылыстарды талдайтын еңбегі оннан асады. Оның таразы туралы, механизмдер туралы, оптика мен бос кеңістік (вакуум) туралы көптеген құнды тұжырымдары әлемге әйгілі. Ол механикаға математика мен геометрия әдістерін жан-жақты пайдаланды, тәжірибені логикалық терең ойлау нәтижелерімен ұштастырды. Астрономида күн апогейі орнының тұрақты болмайтынын өз тәжірибесі арқылы бақылап анықтаған. Сәуленің таралуын геометрия оптика заңдылықтарымен дәлелдеп береді. Сәуленің жиналу, сыну, тарау, шоғырлану заңдылықтарын геометриялық дәл әдістермен тапқан Әбу Наыср Әл-Фарабидің шұғыла туралы түсінігі Еуропа ғылымына 17 ғасырда ғана мәлім болды. Оны неміс астрономы И. Кеплер арабшадан аударып “фокус” атаған. Мұны Әбу Насыр Әл-Фараби сегіз ғасыр бұрын “күйдіру”, “оттық орын” мәнінен шығарып “мұхарақ” атаған. Ол және өз қолымен ойыс айна, яғни парабола, линза жасап, бұларын ғылымда қолданған да болатын.Әбу Насыр Әл-Фараби ежелгі гректің ұлы астрономы Клавдий Птоломейдің еңбектерін түсіндіре, кемелдендіре отырып, өз тарапынан да теориялық (математикалық), практикалық мәні зор қорытындылар жасап, соны идеялар, пікірлер айтады. Мысалы, ол тарихта тұңғыш рет Шолпан планетасының Күннің бетін басып өтуін бақылайды, “Астрологиялық болжамдарда не дұрыс, не теріс” деп аталатын трактатында ғұлама ғылыми астрономияны, жұлдыздардың орны, түр-түсі, қозғалысы т.б. көрінерлік қасиеттеріне сүйеніп, жер бетіндегі оқиғалардың, адам өмірінің болашағын алдын-ала болжауға болады дейтін дүдәмал, күмәнді ғылымсымақты астрологиядан бөліп қарайды. Ғұламаның ғылыми-философиялық еңбектерін байыптап қайта қарау барысында оның педагогика тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі болғандығын көреміз. Ол – шығыс елдерінде тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы оқымысты. Жас ұрпақтың сана-сезімін қалыптастыру үшін үш нәрсенің ерекшелігін жүйелеп, дәйектеп алу шарт:

1.Баланың ішкі ынта-ықыласы, құмарлығы;

2.Ұстаздың шеберлігі, ар тазалығы;

3.Сабақ процесінің алатын орны.

Ғалым дене тәрбиесі мен адамгершілік тәрбиесінің ұқсастығына, оның бір-біріне тигізетін әсеріне ерекше мән берді. Әбу Насыр Әл-Фараби өзінің “Риторика”, “Поэзия өнері туралы”, “Бақытқа жол сілтеу” туралы трактаттарында этикалық, эстетикалық мәселелерге көңіл бөліп, көркемдік, сұлулық, бақыт, мейірбандық білім категорияларының бетін ашып, солардың негізін дәлелдеп берді. Этиканы ол, ең алдымен, жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөніндегі тұжырымдамаларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Ғұламаның этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол [адам] баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Фараби жасаған қортындының басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде. Фарабидің гуманистік идеялары әлемге кең тарады. Ол ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді. Фараби көркемдік, сұлулық хақында былай дейді: ол өмір шындығының өзіне тән қасиеті, болмыстың, нақты құбылыстардың, әлеуметтік өмірдің көкейдегі елесі. Көркемдік – тән мен жан қасиеттерінің сұлулығын көрсететін белгі деп санайды.

Әбу Насыр әл – Фараби мұраларының Қазақстанда түбегейлі зерттелуі XX -ғасырлардың 60-жылдарында ғана қолға алынды. Оған алғаш бастамашы болған қазақ ғалымдары Ақжан әл-Машани (Машанов) мен Қаныш Сәтбаев еді. Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1100 жылдығына орай шығарылған ЮНЕСКО шешімі бойынша 1975 жылы Алматыда халықаралық конференция өткізілді.

Бұл күндері ҚР ҒМ Ғылым Академиясының философия институтында шығыс философиясы және Фарабитану бөлімі жұмыс істейді. Мұнда ғұламаның қазірге дейін қазақ және орыс тілдеріне аударылып, ғылыми түсініктемелері мен алғысөздері жазылып, 20-дан астам трактаттары жарық көрді. Бұл бөлім Әбу Насыр Әл-Фарабидің диалектикасы мен әлеуметтік философиясы мәселелері бойынша зерттеулер циклін жүргізіп келеді. ҚазМУ-де Фарабитану орталығы құрылған. Мұнда да Әбу Насыр Әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары Маркстік көзқарастардан арылған жаңа, тың бағыттар бойынша жүргізілуде. Әбу Насыр әл-Фарабидің өмір жолы мен ғылым-білімге сіңген еңбегін бастама етіп жазуымның себебі, біздің келешек ұрпақ ата-тегінің қандай ғұлама ғалым болғанын білуі тиіс. Сонда ғана тағылымға толы тарихпен сусындаған болашақтың бағыты айқын болары сөзсіз. Адам баласы ең бірінші өзінің бітім-болмысы мен санасының қабілетін дұрыс жүйеге қоя білгенде ғана үлкен белестерді бағындыра алады.

Менің осы кітапты жазуыма түрткі болған елімізде өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыздың алғыр, есеп-қисапқа деген ынтасының жоғары екенін байқағаным еді. Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болсам да, дүниеге келген тұңғыш қызым матеметикаға бейім болды. Қызымның тілі өте ерте шықты. Өзінің математикаға деген қызығушылығын байқаған соң, барынша қиынырақ тапсырма беріп, үш-төрт жасынан бастап көбейту кестесін жаттап шығуына себепкер болдым. Бірінші сыныпта математика пәнінен берілген барлық тапсырмаларды өзі менің көмегімсіз орындап жүрді. Сол жылдары, Алланың қалауымен мемлекет тарапынан жолдасыма үш бөлмелі пәтер беріліп, Тараз қаласынан Алматыға қоныс аудардық. Ол пәтеріміз Алматы қаласы, Алатау ауданына қарасты №178 физика-математикалық мектептің жанында орналасқан болып шықты. Сұрастыра келе, физика-математика бағытындағы атаулы лицей оқушыларды бесінші сыныптан бастап, тек емтихан арқылы қабылдайтынын білдім. Қызым емтиханды ойдағыдай тапсырып, сол шаңырақта оқуын жалғастырды. Негізінде әкесі екеуміз осы қызымыздың Республикалық физика-математикалық бағытында білім беретін О. Жәутіков атындағы мектепте білім алғанын армандап жүрдік.

Бағымызға орай, біздің бақытты шаңырағымыз мектептің тура жанында орналасқаны өте жақсы болды. Терезеден оқушылардың кіріп-шығып жүргенін көрудің өзі бір ғанибет қой шіркін! Адам армандай білсе міндетті түрде сол арманы орындалатынына осы уақытқа дейін көзім жетіп келеді. Жастайынан сен Жәутіков мектебінде оқисың деген сөз қызымның санасына сіңіп қалғандықтан ба, жоқ менің аналық арманым ба білмедім. Қызым білімін жетілдіріп, Жәутіков мектебіне де емтихан тапсырып, білім алу бақыты бұйырды. Бүгінде менің үмітімді ақтап үздік оқушы атануда. Биыл тоғызыншы сыныпты үздік бітірді. Ата-ана ретінде, қызым білім алып жатқан оқу ордасы жайында барлық мәліметтер мені өте қызықтырып жүрді. Әсіресе, шет елдегі олимпиадаларға қатысып жүлделі орын алып келіп жатқан ұл-қыздар жайында естіген шағымда өзімнен –өзім жүрегімді қуаныш билеп, мінекей қазақтың қаны сіңген ұрпақ осындай болу тиіс!– деп, көңілімді қуаныш билейтін. Бұл тектіліктің қайдан келіп жатқанын ұғып та отырған боларсыздар… Арғы аталарымыз әлемді мойындатқан ғұлама-ғалымдар болғанын ескерсек, сол текті ел ұрпағының қолынан да келетіні белгілі.

Бірінші тарау

Ұлы оқу ордасының құрылу тарихы, XX – шы ғасырдың, 1960-1970 жылдар аралығынан бастау алған. Сол кезеңде, әлемдегі екі ұлы держава СССР мен АҚШ бір-бірімен бақталастыққа түсіп, космосты бағындыруға деген ұмтылысы артып, елге білгір мамандар қажет болады. Совет өкіметі құрылғаннан кейін жоғарғы оқу орындары көптеп ашыла бастайды. Одаққа көптеген білікті мамандарды тәрбиелеп шығуға тура келеді. Оның ішінде қазақтан шыққан Қ. Сатпаев, О. Жәутіков аталарымыз болған. 1962-1963 жылдары Мәскеу университетінде математикалық мектеп ашылады, Ленинградтық, Киевтік университеттерде де, Новосибирскіде де дәл осындай мектептер ашылып одақ балалары білім ала бастайды. Осы мектептер ашылып жатқанда әлемді ғылыми зерттеу жобаларымен мойындатып үлгерген Қ.Сәтпаев Одақ басшыларынан, Қазақстанда да осындай мектептің ашылуын талап етеді. Алайда, жоғарыдағылар Союзға төрт мектеп жетеді деп шешкені белгілі болады. Өкінішке орай, Қ.Сатпаев 1964 жылы қайтыс болады. Ары қарай мектептің ашылуын академик О. Жәутіков қолға алған екен.

Жәутіков Орынбек Ахметбекұлы (1911-1989) – ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми және техника қайраткері, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылында дүниеге келген. 1920-1930 жылдары ауылдық мектепте, кейіннен Қарқаралы қаласындағы мектепте оқыған. 1934 жылы Қазақ педагогикалық институтының (Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) физика-математика факультетін үздік бітіріп, Ленинград мемлекеттік университетінің (Санкт-Петербор мемлекеттік университеті) аспирантурасын тамамдаған. 1934-1951 жылдар аралығында Қазақ педагогикалық институтында ассисент, аға оқытушы, доцент, декан, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, кафедра меңгерушісі болған. 1945 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясында Математика және механика секторы ашылып, кейіннен Математика және механика институты құрылған. О.Жәутіков 1945-1965 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика секторында аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі, 1965-1969 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика институтының директорының орынбасары, зертхана меңгерушісі, 1969-1989 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым академиясы Президиумының мүшесі, Физика-математика ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы қызметтерін атқарған. 1985-1989 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика институтында зертхана меңгерушісі болған. Негізгі ғылыми еңбектері қозғалыстың орнықтылық теориясына, математика, физика теңдеулеріне, дифференциалдық теңдеулердің шексіз жүйелеріне, теориялық және қолданбалы механикаға, математика тарихы мен оның методологиясына арналған. О.Жәутіков – республикалық физика-математика мектебін ұйымдастырушылардың бірі. Бұл мектеп Орынбек Жәутіковтің есімімен аталған. Ол республикамызда математик ғалымдарды дайындауда және математиканы насихаттауда көп еңбек сіңіріп, отандық математиктер мектебін қалыптастырды. 1958 жылы академик О.Жәутіков алғаш рет қазақ тілінде математикалық талдау туралы оқулығын шығарған. Ол 200 – ден астам ғылыми еңбектердің, ғылыми-танымдық кітаптардың, методикалық жұмыстардың, көптеген оқулықтардың авторы. Белгілі ғалымдар А.Ляпуновтың, С.Ковалевскийдің, Н.Лобачевскийдің, С.Соболевтің, М.Лаврентьевтің, К.Персидскийдің, Қ.Сәтпаевтің, тағы басқалардың өмірі мен шығармашылық қызметтері туралы зерттеулерін ғылыми-танымдық кітаптары мен мақалаларында жариялаған. Академик О.Жәутіков Кеңес Одағы мен шетелдерде өткен осы замандағы математика және механика проблемаларына арналған көптеген съездер, конгрестер мен конференцияларға, симпозиумдарға қатысқан. Орынбек Ахметбекұлы Алматы қаласында оқушылардың Кіші ғылымдар академиясын ұйымдастырып, академияның көп жылдар бойы Құрметті президенті болды. О.Жәутіков математика ғылымын дамытуға және физика-математика білімдерін жетілдіруде зор үлес қосып, ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлағаны үшін Октябрь революциясы, 2 рет «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми және техника қайраткері, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты академик-ғалым Орынбек Жәутіков 16 мамыр күні 1989 жылы қайтыс болды. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен академик-ғалым О.Жәутіковті мәңгі есте сақтау мақсатында Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі мен Қарқаралы қаласындағы №1 орта мектебіне есімі берілген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде үздік оқыған студенттерге арналып О.Жәутіков атындағы стипендия тағайындалған. Алматы қаласында ғалым О.Жәутіков тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылған.


Сонымен қатар, мектеп оқушылары О. Жәутіков жайында «TULGALAR» аудио жазбасында жариялап жан-жақты дәріптеуге тырысып жүр.








Қазақтың қайсар ұлдарының алған бетінен қайтпай, мақсатқа жету жолындағы талмас табандылықтарының нәтижесінде, 1968 жылы 1 қыркүйекте Алматы қаласындағы №56 мектептің ішінен физика-математикалық бағытында білім беретін екі сынып ашылған. Бұл сыныптарға еліміздің түкпір-түкпірінен математикаға қызығушылығы бар, алтыншы сыныпты тәмәмдаған оқушылар қабылданады. Сол жылдары мектеп басшысы болған Шкарлет Иван Иванович жаңа мектептің іргетасы қаланып, құрылысының жандануына барынша атсалысқан. 1970 жылы Ботаникалық бульвар көшесінде физика-математика бағытында білім беретін еліміздегі ең алғашқы мектептің құрылысы басталған еді. Мектеп жанында ауылдан келген балалар жатып оқитын, интернаттың құрылысы да бірге жүргізілген. 1972 оқу жылы мектеп іске қосылғанымен интернаттың құрылысы әлі бітпеген екен. Мектептің де бірнеше кабинеттері ғана жұмыс жасаған. Сол кездегі орыс тілі пәнінің мұғалімі Нурсеитова Райхан Нурмашевнаның айтуынша физматтың қалыптасу кезеңі оңайға соқпаған. Мектепке келген мұғалімдердің де жағдайы болмаған. Алайда, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қазақтың қара домалақ балаларының білімге деген құштарлығын көрген сәттен бастап, барлық қиындыққа төтеп беруге болатынын түсінгенін айтады. Орыс тіліне шорқақ балаларға барынша жәрдем беріп, екінші анасы атанған осындай ұстаздардың жангештілігі мен балаға деген сүйіспеншілігінің нәтижесінде мектептің дәрежесі биік болған. Мектептің алғашқы түлектерінің айтуынша, интернат құрылысы аяқталғанша балалар мектептің бөлмелерінде тұрған. Шкарлеттен кейінгі мектептің басшысы Александр Арсеньевич Чернобай болған. Александр Арсеньевич Чернобай мектептің толықтай қалыптасып, аяғынан нық тұрып кетуіне үлкен үлес қосқан. Сонымен қатар, математика пәнінің мұғалімі Алиева Фатима Жумагазиевнаның айтуынша қазақ тіліндегі кітаптар мүлде болмаған, мұғалімдер өздері аударма жасап отырған. Бұл да үлкен еңбектің нәтижесі екенін көрсетеді. Есептерді Кванттан, Сканавиден аударма жасап, қазақ тілінде білім алатын балаларға тапсырмалар беріліп отырған. Қазақтың үш бәйтерегі іспеттес Ә. Жәутіков, Т. Аманов, А .Д. Тайманов мектептің ары қарай дамуын үнемі қадағалап, барынша қолдау көрсеткен. Мектептің алғашқы түлектері Асқар Жұмаділдаев пен Ержан Байсалов Союз бойынша өткізілген олимпиадалардың алғашқы жеңімпаздары атанған.

Атақты ғалым, математик А. Жұмаділдаевтың айтуынша, 1969 жылы Қазақстан пионері ғазетінде мектеп жайында мақала жарияланған екен. Ал, «Лениншіл жас» газетінде бір бет есеп беріліп, сол есептің бәрін дұрыс шығарып жіберген математик, О. Жәутіковтен шақырту хатын алады.

1981 жылы мектеп қабырғасында, Союз көлемінде алғаш рет оқушылар арасында олимпиада ұйымдастырылған. Тағы бір естелік ретінде, 1997-2000 жылдары осы мектепті басқарған, мектеп түлегі Ә.О. Қоңырбайұлының айтуынша мұғалімдер күніне 50-ге жуық тапсырма беретін, қатал талап қоятынын айтқан. Сол кездегі түлектер, үш жыл ғана бірге оқыған оқушылардың өмірлік досқа айналып кететінін мақтанышпен еске алады. Мектепте көптеген тәрбиелік мәні бар іс-шаралар өткізіліп отырған. Балаларға атақты ақын – жазушылармен, әншілермен кездесу ұйымдастырылған. Олардың қатарында, ақиық ақындар Қадыр Мырза Әли, Мұхтар Шахановтар, жезтаңдай әнші Роза Бағланова апаларымыз болған. Жалпы оқушылар математика пәнінен ғана алғыр болғанымен, жан-жақты өнерге де бейімделген. Ә.О. Қоңырбайұлының естеліктерінде өзі музыканы да өте қатты жақсы көргенін айтады. Мектеп қабырғасында жүргенде балалармен бірігіп ансамбль құрып, шығармашылық кеш ұйымдастырып, тіпті Дос-Мұқасандық ағаларын шақырған екен. Әбдімәжит Қоңырбайұлы өлең шығарғанды, ақындардың өлеңін нақышына келтіріп оқығанды жақсы көретін.



Өтеш Әбдімәжит Қоңырбайұлы

(1958-2017)


Мен алғаш рет ол кісіні 2017-жылдың сәуір айында кездестірген болатынмын. Қызым білім алып жатқан жоғарыда аты аталған №178-лицейдің сол кездегі басшысы қызметін атқарған уақыты еді. Өзім де жастайымнан зерек болып өстім. Мектеп қабырғасында да, онан соң Жоғарға оқу орнын да үздік дипломмен тәмәмдағанмын. Кейіннен тұрмыс құрып, бес баланы дүниеге әкеліп, бала тәрбиесімен айналысуыма тура келді. Бесінші баламды дүниеге әкелген соң, үйімнің жанындағы мектепке барып еңбек жолымды бастауды жөн санадым. Алайда, бүгінде жайдан-жай мектепке орналасу мүмкін емес екенін ескеретін болсақ, он төрт жыл бойы сандықта жатқан қызыл дипломды кім мойындар екен деп жүрексінгенім рас. Бірақ, осы мектеп басшысының жүзінен бір мейірімді сезетінмін. Бірде, қызымды сабақ аяқталған соң күтіп алып тұрғанымда, кездесіп қалып мектептің жанында құрылыс жүріп жатқандықтан үлкен кран балалардың өтетін жолына қауіп төндіріп тұрғанын айтқан болатынмын. Айтқаным сол екен, екі жұмадан соң балалар үшін қосымша есік орнатып қауіпсіз жол ашып қойыпты. Бұл кісінің тағы бір ерекшелігі, кешке таман мектептің маңайын тексеріп, балаларды өзі шығарып салып тұратын. Бүгінде дүниеден өтіп кеткен ұлы тұлғаның маған жасаған жақсылыған ешқашан жадымнан шығармасым анық. Ең алғашқы еңбек жолымның басталуына себепкер, менің көзімнен ұзтаздық ұшқынды көре білген ардақты азамат болатын. «Өлеңге менің дағы бар таласым»– демекші оқушы кезімнен өлең шығарып, аудандық, облыстық газеттерде өлеңдерім жарияланым жүрген мен, тайсалып қалмадым. Ертесіне қолыма қалам алып, белді бекем буып ағайға жолығып жұмыс сұрауды жөн көрдім. Ол кісіге арнап мынандай өлең шығарған едім.


Әбдімәжит Өтеш Қоңырбайұлына!


Таласымнан тәлім алған қыз едім.

Үкілеген үміті едім, гүлі едім.

Өлеңдерім естігенді еліткен,

Елімменен бірге соқты жүрегім.


Бекежанов Балтабайдың қызы едім.

Еңбек еткен түріп жүріп білегін.

Қонаев пен Аухадиев аталар,

Жас кезімде берген бата-тілегін.


Жолдасбеков, Байгелдиев, Біртанов

Өсиетін тыңдағанның бірі едім,

Елге әйгілі талай жанды жүзбе-жүз,

Жастайымнан үлгі тұта білемін.

Ата-анам ақ дастархан басында

Топтастырған зиялының кілеңін


Бүгін міне ұзатылдым қияға

Сол кезеңді санамызға жиі ала

Бес баланы дүниеге әкелдім,

Бірақ өнер тар кеудеге сия ма?


Көп ойландым сізге қадам жасарда.

Салмақты боп көріндіңіз қашанда.

Сол себептен өтінішім болып тұр,

Жарасаңыз бір жақсылық жасауға.


Ұстаз болу бала кезгі арманым.

Төл тілімді сондықтан да таңдадым.

Он екі жыл бала-шаға өсіріп,

Жасауменен өтіп кетті жар қамын.


Енді міне етек-жеңім жиналып,

Алдыңызға келіп тұрмын жыр алып.

Категория, тәжірбие, мадақтау,

Ештеңені ел сияқты жимадық.


Тек диплом қолымдағы барлығы.

От өнердің осы екен қалдығы.

Бар ойымды ақ қағазға түсірдім.

Енді сіздің қолыңызда, ағатай!

Еңбек жолын бастауымның тағдыры…


06.05.2017 жыл


Не керек, ақ параққа өлеңді қолыммен жазып алып, сандықта жатқан қып-қызыл дипломды қалтаға салып, тәуекелге бел буып, мектепке кіріп бардым. Барып директорға кіруге рұқсат сұрап едім, күзетші ағай ол кісі қазір ғана шығып кеткенін айтты. Салым суға кетіп, үйге кірсем үшінші қызымның сабағы аяқталатын уақыты болып қалған екен. Ол үйден сәл қашығырақ орналасқан, жай мектепте оқитын. Дереу үш жасар ұлымды арбаға отырғызып алып мектепке бет алдым. Алланың құдіреті шексіз ғой шіркін! Ағайымның дәл алдымнан шыға келмесі бар ма? Мен де, уақыт жоғалтпай амандаса сала, қолына дипломым мен бір жапырақ өлеңімді ұстата салдым да

–Ағай түстен кейін сізге жолықсам бола ма? – деп сұрақты төтесінен бірақ қойдым. Ағай өте қарапайым арда азамат еді ғой жарықтық!

– Жарайды, жарайды сағат екіде күтемін, – деді маған таңырқай қарап.

Мен аласұрып қызымды үйге әкеле салып, мектепке тағы бардым. Ағайым, мені тағатсыздана күтіп отырғаны түрінен-ақ көрініп тұр. Бірденнен күлімсіреп қарсы алды.

–Келе ғой, отыр,-деді.

Мен бағанағы қылығыма қымсынып отырмын. Бірақ, ағай бірденнен хатшы қызға :

–Манағы өлеңді теріп болсаң алып келші,– деді. Мен аң-таң болып отырмын. Ол кезде өлеңді компьютерментеруді мүлдем ұмытып қалғанмын ғой! Оқу бітіргеніме бірнеше жылдар өтіп кеткен, оның үстіне үй шаруасында жүріп компьютерді мүлдем қолданбаған екенмін. Дайын, әп-әдемі болып терілген өлеңіме өзім ғашық болып қалдым. Ағайым, екі дана етіп шығартып қойыпты.

–Ала ғой, біреуі саған, біреуі маған естелікке,– деп алып қалды. Сөйтті де бірденнен :

–Жұмысқа қай күні шығуға дайынсың?– деді. Мен қазір ақ дайын екенімді айттым.

–Онда жүре ғой, -деп, мектептің кадр бөліміне апарып таныстырды.

– Оқу жылы аяқталып қалуына байланысты, қазір сағат жоқ, бірақ мектеп кітапханасына лобаранттық жұмысқа келе бер. Қыркүйек айынан бастап қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боласың, – деді де, мені сол жерге қалдырып кетті. Қасы-көзі қияқтай, өзі сымбатты апайым маған сұрақ қоя бастады.

–Компьютер білесіз бе? –деді.

Мен:

– Жоқ,-деп көзім бақырайып қарап тұрмын.

– Компьютер білмейтін мұғалім бола ма екен?– деп таңданып қарап тұрып, жақтырмаған сыңай танытып…

– Жарайды, ағай айтса болды,– деп менің өтінішімді қабыл алды. Кейіннен Алмагүл апай мені қатты жақсы көріп, екеуміз тіпті құрбы болып кеткен жайымыз бар!

Ағай сөзінде тұрды. 2017 жылдың қыркүйегі менің өмірімде еш ұмытылмайтындай ұстаздық мәртебесіне ие болдым. Онымен қатар, сынып жетекшілік міндетті де тапсырып, үлкен сенім артқан еді. Мектепшілік ұстаздардың жиынында мені сахнаға шығарып, әріптестеріммен таныстырып өзінің көрегендігін тағы да дәлелдеп еді. Алайда, мезгілсіз келген кеселден, арқа сүйер ағама айналған, талай қазақтың баласының жүрегіне математика ғылымына деген сүйіспеншілігін оята білген, аяулы ұстаз, мәңгілік тарихта қалу үшін, қоңыр күздің қара суығында келмес сапарға аттанып кетті! Алматы қаласының тұрғындары мен өзі білім берген талай тарландар шыққан Республикалық физика-математика мектебінің түлектері бірігіп, мектеп ұжымы мен көптеген жора-жолдастары, замандастары болып, Алатау аудандық мәдениет үйінен ақтық сапарға шығарып салдық. Жиналған қауымның көптігі сондай, ғимараттың ішіне сыймай барлығымыз ашық алаңда ағайымызбен қимай қоштастық!

Сол күні сөз сөйлеген кісілердің бірі Асқар Жұмәділдаев еді. Ол кісінің жүрек тебірентер сөздері жиналған қауымды еріксіз егілдіріп жіберді. Шынында да, білім шыңын мойындатып қана қоймай өскелең ұрпақтың Фараби сынды жол бастаушысының ғылымымен сусындауына үлес қосқан осындай тұла бойы ізгілік пен мейірімге толы ұстаздардың қатары сиреп бара жатқаны жанымды жабырқатады. Өткеніміздің қаншалықты қымбат та қадірлі екенін жас ұрпақ санасымен сезінсе ғой шіркін! Маған демеу болып, көңілімді жайландырар мәселе Әбдімәжит, Асқар ағалар сынды ұлағатты ұстаздардан тәлім алған шәкірттердің білім саласына қосып жатқан теңіздің тамшысындай болса да үлестерінің бар екені. Алайда, көптеген материалдың өзге тілдерде жарық көруіне байланысты, әлі де математика саласын ана тілімізде анық сөйлете алмай жүргеніміз қынжылтады. Жоғарыда аты аталған ағаларымыз да, барынша аударма жасап, оқушыларға қазақша есеп-қисаптардың баламаларын үйретіп, қазақ ғылымына толағай табыстар әкелді. Сонымен қатар, ана тілін сүйген шәкірттің математика біліміне деген құштарлығының арта түсетінін ағайым әрдайым ескертіп жүретін. Менің де осы уақытқа дейін бір байқағаным, тарихтағы көптеген математиктердің ақындық қабілетінің байқалып тұратыны. Өлеңге деген құштарлығы. Негізінде, өлең шығару да өзінше бір формуланы талап ететін тың дүние. Кез-келген адам екі сөздің басын қосып, ойын дұрыс жеткізгенімен, Абай атамыз айтпақшы айналасы жұп-жұмыр, өлең шығару екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Осы орайда, мен де бір батыл шешімге келе отырып, математика мен поэзияны егіз ұғымға теңер едім. Байқасаңыз, табиғатты суреттейтін әсем туындылар болса, оны жүйеге түсіріп ғылыми тұрғыда түсіндіріп жүрген ілім – математика! Республикалық физика-математика мектебін басқарып, онда білім алып, ұстаздық еткен барлық азаматтар мен азаматшалардың осал болмағанын уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Мәселен, төмендегі елімізге елеулі тұлғалардың барлығы Республикалық физика-математика мектебінен түлеп ұшқан азаматтар.

РФММ түлектері




Құлыбаев Тимур Асқарұлы – "Kazenergy" Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының төрағасы.



Мәсімов Кәрім Қажымқанұлы— Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, бұрын – екі рет Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болған.



Волож Аркадий Юрьвиеч – Яндекстің негізін қалаушы.



Сегалович Илья Валентинович(1964-2013) – Яндекстің негізін қалаушы.



Келімбетов Қайрат Нематұлы-Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің төрағасы, сонымен қатар – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы болған.



Қаппаров Нұрлан Жамбылұлы (1970-2015) – Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрі болған. "Қазатомөнеркәсіп" АҚ Президенті, Гарвард университетінің үздік түлегі. Ол кісі 2015-жылдың 26-наурызында дүниеден озды.



Қожамжаров Қайрат Пернешұлы – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметін атқарған.



Сұлтанов Бақыт Тұрлыханұлы-Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі, Астана қаласының әкімі болған.



Досаев Ерболат Асқарбекұлы – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі.




Қаниев Берік Сералыұлы – Lancaster Group Ltd және "РФММ" КеАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы.



Ким Вячеслав Константинович – "АҚ ірі акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Kaspi.kz".




Мырзағалиев Мағзұм Маратұлы – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қайраткері, Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі.




Біртанов Есжан Амантайұлы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының Орынбасары қызметтерін атқарған.


Бұл жай ғана тізім емес. Айтулы тұлғалардың барлығы математика ғылымына терең бойлап, жан-жақты тәлім-тәрбие алған. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанып, талай бәйгеде оза шауып өз білімдерін әлемге мойындатқан азаматтар! (Кітаптың жазылу барысында біраз азамттардың қызмет орындары өзгерген)

Тілге тиек ететін жайттың бірі, Яндекстің негізін қалаған Волож Аркадий Юрьевич пен Сегалович Илья Валентиновичтің бағдарламасы Республикалық физика-математика мектебі оқушыларының қосымша білімдерінің артуына зор үлесін қосып отыр. Менің қызым да дәл осы «Яндекс лицейдің» оқушысы ретінде білім алып келеді. Программа құрудың тілдерін меңгеріп, пандемия кезінде ерікті ретінде Республикалық физика-математика мектебі жанынан құрылған «Үміт» академиясында дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің, көпбалалы аналардың балаларына, қамқоршысынан айырылған балаларға онлайн сабақ беріп отырды. Яғни, Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары өз білгендерін басқа да елді мекендерде тұрып жатқан оқушылармен бөлісуге әрдайым дайын екендігінің дәлелі.

Жоғарыда аты аталған тұлғалардың есімі мен жүріп өткен жолдары болашақ мектеп түлектеріне үлгі болсын деген ниетпен жеке-жеке тоқталуды жөн көрдім. Қазақта «Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық», деген сөз бар емес пе?! Асқар тауға айналған, ел азаматтарын өнеге тұтып өскен ұрпақтың да арманы асқақ болары ақиқат. Алтын ұядан алған білімі, әлемдік деңгейдегі шыңдарды бағындырып қана қоймай, мойындатуға жарағаны еріксіз көңілге қуаныш ұялатады. Шет елде білім ала жүріп ата жұртының қамын ойлап, бар түйгенін туған жердің төсіне төгіп жүрген қазақ қаракөздері қашанда мақтануға да, мақтауға да лайық екені белгілі. Кітаптың басындағы қазақтың қаракөздері, арман қуып асқақ шыңдарды бағындырған дәл осындай Республикалық физика-математика мектебінің түлектері десем қателеспейтін шығармын. Әлі де талай дана ұрпақтың қазақ даласынан қанат қағып, аяулы ұстаздарының берген тәлім-тәрбиесінің нәтижесінде биіктерден көріне беруіне тілектеспін!





Кунгожин Алмаз Мухамбетұлы


Республикалық физика-математика мектебінің Алматы қаласындағы басшысы Кунгожин Алмаз Мухамбетұлыматематика пәні мұғалімі біліктілігі – «педагог-магистр», Республиканың педагогикалық кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлік бағдарламалары шеңберінде екінші (базалық) деңгей бағдарламасы бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарынан өткені туралы сертификаты бар.

Қазақстан, І Жәутіков мұғалімдер байқауының дипломымен (2004), ІІ Жәутіков мұғалімдер байқауының (2006) дипломымен, ІІІ Жәутіков атындағы мұғалімдер байқауының ІІ дәрежелі дипломымен (2008), ІІ Республикалық педагогтар байқауының ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталған.

Марапаттаулары: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған (2016 ж.).

Білімі: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бакалавр, магистр, PhD докторантура. Ғылыми дәрежесі: философия ғылымдарының докторы (PhD), мамандығы – «Математика». Кунгожин Алмаз Мухамбетұлы да Республикалық физика-математика мектебінің 1995-жылғы түлегі.

Екінші тарау

Осындай мектептің міндетті түрде басқа қалаларда да ашылуын көптеген ата-аналар күтіп жүрген болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаевтың  бастамасымен  Нұр-Сұлтан қаласының төрінен орын алған ғимаратта, 2016-жылдың қыркүйек айының алғашқы күні, аты аңызға айналған Республикалық физика-математикалық мектеп филиалының ашылу салтанаты өтті.






Бекахметов Ғабит Қайратұлы

Жаңа мектептің алғашқы директоры Бекахметов Ғабит Қайратұлы болды. Бүгінде, Ғабит Қайратұлы мектептің екі кампусы – Алматы және Астана қалаларының жалпы басқармасын басқарады. Сонымен қатар, әлемдегі ең ірі өндірістік корпорациялардың бірі GE бағдарламасына қатысуға Республикалық физика-математикалық мектебінің мүмкіндік алуына бірден-бір себепкер болған азамат. GE миссиясы ауыр машина жасау, ұшақ қозғалтқыштары және медициналық жабдықтар нарығындағы жақсы танымалдығымен қатар, алдыңғы қатарлы цифрлық технологиялар мен аддитивті өндіріс әдістерін енгізу және осы саладағы инженерлік-техникалық білімдерді тарату болып табылады. Бұл интеллект ұстаханасы деуге болады. GE STEM-бағытында білім беретін мектептері үшін AEP(Additive Education Program) байқауында ел намысын қорғап грант жеңіп алды. STEM – бұл (қазақ тіліне аударғанда) «ғылым, технология, инженерия, математика» дегенді білдіретін ағылшын аббревиатурасы. Мұндай мектептер физика-математика циклінің пәндерін оқытудың жоғары деңгейімен ерекшеленеді, сонымен бірге осы оқу орындарының қабырғасында бағдарламалау мен практикалық жобалауға ерекше көңіл бөлінеді. Студенттер теориялық білімдерін инженерия саласында қолдануды үйренеді. Грант ретінде GE білім беру бағдарламасына қатысушылар 3D принтерлер жинағын және шығын материалдарын алды. Астанадағы Республикалық физика-математикалық мектептің филиалы GE білім беру бағдарламасының шарттарына толық сәйкес келетін білген Ғабит Бекахметов, "Маған және менің әріптестеріме бірнеше эссе жазу қажет болды, онда біз мектебіміздің тарихы мен бүгінгі күні, оқытушылар құрамының мүмкіндіктері мен оқушылардың таланттары, сондай-ақ білім беру процесін ұйымдастырудағы қажеттіліктеріміз туралы әңгімелестік. Біз 3D-баспа жабдығы оқушылардың инженерлік ойлауын дамыту, алған теориялық білімдерін өмірге енгізу үшін өте маңызды екендігіне қазылар алқасын сендіре алдық. Бізге 3D принтерлер жетіспеді, бірақ бұл сирек кездесетін және инновациялық өнім, сондықтан біздің елде мұндай жабдықты сатып алуға болатын дистрибьюторлар жоқ. Бақытымызға орай, GE арқасында бізде қазір бұл принтерлер бар және біз оларды бірден іске қостық"-дейді.



Бекахметов Ғабит Қайратұлы өте білімді, жан-жақты жаңалыққа құштар, жастардың ілім алу жолының жай-жапсарын өне бойынан өткізген көреген басшының бірі, «Корабли знаний» кітабының авторы.

Осы мектептердің оқушылары халықаралық олимпиадаларда қалай жеңіске жетіп, әлемнің үздік университеттеріне оқуға түседі? Олардың жетістігінің құпиясы неде? Оқушылар мамандандырылған мектептерге түсу керек пе?-деген сұрақтар толғандырған ата-аналар мен білім ізденушілерге арналған дайын жинақ ретінде «Корабли знаний» кітабын жазып шыққан кемел жол нұсқаушы деп ауыз толтырып айтуға болады. Кітапта тарих, мектептердің мәдени ерекшеліктері мен экономикалық мүмкіндіктері, әлемге танымал бизнес, өнер, саясат және ғылым саласындағы көптеген танымал түлектер жайында мағлұмат беріледі. Кітап автордың НЗМ, БИЛ және РФММ-мен кеңес беру және басқару тәжірибесіне, сондай-ақ ауыл мектептерінде, қалалық лицейде және АҚШ (Дьюк) және Ұлыбритания (Оксфорд) университеттерінде оқудың қызықты тәжірибесіне негізделген. Ғабит Бекахметов РФММ Басқарма Төрағасы және ҚазҰПУ Директорлар кеңесінің мүшесі болып табылады. Кітап ата-аналарға, оқушыларға, түлектерге, мұғалімдер мен білім беру менеджерлеріне таптырмас нұсқаулық деуге болады.




Нұрланов Шыңғыс Нұрланұлы

2018 – жылдың қаңтар айында мекеменің жаңа басшысы болып «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрланов Шыңғыс Нұрланұлы келді. Шыңғыс Нұрланов – Вашингтон университетінің саясаттану мамандығы бойынша түлегі және Назарбаев университетінің білім беру саласындағы көшбасшылық магистрі. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік, араб тілдерін меңгерген. Зерттеулер жөніндегі жетекші талдаушы қызметтерін атқарды. Бұл кезеңдерде мектептің бағыты айқындалып, игі істер өз жалғасын тапты. Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептің түлектері бірнеше шет елдегі айтулы оқу орындарына жүз пайыз грант жеңіп алып, білім шыңын бағындыра бастады.


Калиев Руслан Серикұлы

Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық физика – математика мектебінің бүгінгі басшысы – Қалиев Руслан Серікұлы. Қалиев Руслан Серікұлы 1988 жылы 1-қазанда дүниеге келген. «Жас келсе іске», – демекші мектеп басшысы өзі де Республикалық физика-математика мектебінің түлегі ретінде барлық оқушылардың жан дүниесін өте жақсы білетін азамат. Руслан Серікұлы 2002 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Петропавл қаласында болған мектепке қабылдау емтиханынан сүрінбей өтіп, сегізінші сыныптан бастап атаулы оқу орнында білім алған. Алматы қаласындағы Республикалық физика- математика мектебінде оқып жүрген уақытында екі рет республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанып, 2006 жылы мемлекеттік грантты иеленген. Жоғарғы оқу орынын ойдағыдай аяқтап, еңбек жолын 2010 жылы ең алғаш математикалық тест құрастыру орталығынан бастаған, Назарбаев зияткерлік мектебінде, бірнеше білім саласына қатысты орындарда жұмыс атқарған. 2017 жылдан бастап өзінің түлеп ұшқан алтын ұясына келіп қызмет атқару бақыты бұйырған. 2019-жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық физика- математика мектебінің басшысы қызметіне тағайындалды. Білікті басшы, оқу бітіруші түлектерге барынша көмек қолын созып, SAT мен IELTS емтихандарына дайындалуға мүмкіндік жасауда. Шет мемлекеттерге оқуға түсуді армандап жүрген оқушыларға тәжірбиелі нұсқаушы ұстаздарды тағайындап, маңызды мәселелердің барлығына жауап беру тапсырылған. Мәселен, эссенің жазылуы, құжаттардың толтырылуы, уақыттың үнемділі барлығы мектеп бітіруші түлектерге өте маңызды. Көңілі қобалжыған ата-аналарға да демеу болып, сенімінен шығуда.

2018-2019 оқу жылдарынан бастап мектепке халықаралық Advanced Placement (AP) бағдарламасы енгізілді. Тоғызыншы сыныпты тәмәмдаған Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары емтихан тапсырып қатаң іріктеуден өтіп, қажетті ұпай жинаған оқушыға осы бағдарлама бойынша білім алуға мүмкіндік беріледі. Бұл әлемнің көптеген университеттерінде пән бойынша курстарды алмастыра алады. AP емтихандары бойынша 3 – балдық нәтиженің өзі жеткілікті деп саналады. Ал, біздің мектептің оқушылары әрдайым жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Сонымен қатар, жоғары ұпай жинаған оқушылар марапатталады.

2017 жылдың 13 сәуірінде коммерциялық емес ұйымның Қамқоршылық кеңесінің шешімімен «Физмат Эндаумент Фонд» (Fizmat Endowment Fund) қоғамдық қоры құрылды. Fizmat Endowment Fund мектептің дамуында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді жобалар. Қор мүшелері көбінесе Республикалық физика-математикалық мектептің түлектері болып саналады. Эндаумент қоры әрдайым мектептің игілігіне қызмет етеді. Эндаумент қорлары алғаш рет Америка Құрама Штаттарында пайда болған екен. Мәселен, Harvard университетінің қоры 35 миллиард доллардан , ал Yale мен Stanford – 10 млрд доллардан асады екен.

Fizmat Endowment Fund қорының бүгінгі мақсаты халықаралық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру. Сонымен қатар, жазғы мектеп жобасы да жалғасын табуда. Атаулы қор халықаралық Жәутіков олимпиадасының ұйымдастырылуына да барынша қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы біздің мектептің ауыз толтырып айтар жетістіктері жеткілікті.

Біздің мектеп деп кеудемді мақтаныш кернеп айтып отыруымның да бір себебі бар. Бұл жолы да Алланың қалауымен Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударуымызға тура келген болатын. Сөйтіп, Алматы қаласындағы Республикалық физика-математикалық мектебінде оқитын қызымды осындағы мектепке ауыстырмақ ниетпен мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Ережепқызына кірдім. Ол кісі де жүзі жылы, өте мәдениетті кісі екен. Амандасып алған соң жай-жапсарды түсіндіріп, қызымды айтып едім бірден келісті. Мен де қарап отырмай дәл осы мектептің жанында тұратынымды, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екенімді, жұмыс қарастырып жүргенімді айтып ашыла түстім. Ол кісі әзірге кураторлық жұмысқа орын бар екенін ескертіп, мектеп директорына ұсыныс жасап көретінін айтты. «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан»,– демекші, тағы да қазақтың жанашыр, көзі ашық ұл – қыздарының арқасында Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық физика-математикалық мектебі маған есігін айқара ашты. Мектепке келген сәттен бастап көптеген ойдың жетегінде жүргенім рас. Ойлана келе ата-ана, мектеп қызметкері ретінде өз білгенімді қағазға түсіруге бел будым.

Өнер, білім –бәрі де оқуменен табылған.

Ыбырай Алтынсарин


Мектеп, шәкірт. Осы екі сөзге жан бітіретін- ұстаз. Ұстаз- ақылдың бейнесі! Адам баласының өмірінде, мектеп қабырғасының алар орны ерекше екені ежелден белгілі. Әлем халқының дегбірін алып, ұстаз бен оқушының арасын алшақтатып, дәстүрлі түрде білім алу мүмкіндігінен айырған қатерлі дерт айылын жиып, «Алтын ұя мектебім» есігін айқара ашты!

Биылғы жыл, біздің білім ордасы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Республикалық физика-математикалық мектеп» үшін ерекше қуаныштарға толы болмақ!

Осыдан дәл отыз жыл бұрын, ата-бабамыз сан ғасырлар бойы арман еткен егемендіктің шаңырағын көтеріп, түтінін түтеттік! «Тәуелсіздік тәтті ұғым, таңдайдағы» -деп ақындар жырлағандай қасиетті де, қадірлі Тәңірдің сыйын ұзағынан сүйіндірсін! Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа келді. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті , Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл- егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек.

Сонымен қатар, қазақ халқының ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуына терең із қалдырған ұлы тұлға- Ыбырай Алтынсарин атамыздың дүниеге келгеніне жүз сексен жыл. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келген. Білген үстіне біле түссем деген білімге құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс, жас Ыбырайдың өмірлік кредосына айналды. Ыбырай Алтынсаринның соңынан ерген жас буын, оның тұлғасынан бүкіл халықтың рухы, ойы, пейілі, мінезі және түп өмірінің бейнесіне айналған қаһарманды көрді. 1864 жылы 8 қаңтарда, ұлы ағартушының бастамасымен алғашқы мектептің салтанатты ашылуы өтті. Қазақ даласында оны «Қара шаңырақ», «Алғашқы қарлығаш» деп атады. Ыбырай Алтынсарин өзінің алғашқы « Кел, балалар, оқылық» атты өлеңін жазды.

Осындай ұлағатты ұстаздарды үлгі тұтып, ел егемендігінің тұтқасы бола білген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен, ел жүрегі Нұр –Сұлтан қаласында, 2016 жылы «Республикалық физика-математикалық мектептің» тұсауы кесілген мектептің биыл бес жылдық мерейтойы. Осы мерейтой қарсаңында барлық сыныптың жетекші ұстаздарына арнайы өлең шумақтарын жазып құттықтауды жөн көрдім.

Құрметті, ұстаздар!

Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Мына өлең жолдары сіздерге арналады. Қабыл алыңыздар!


Шолпан Слямияевнаға:

Арайлап атқан ақ таңды.

Жарыққа бөлер аспанды.

Білім нәрімен тербетер,

Мектепке есік ашқанды.


Арайлап атқан ақ таңды.

Жарыққа бөлер аспанды.

Білім нәрімен тербетер,

Мектепке есік ашқанды.


Замзагуль Васильевнаға:

Таңменен бірге таласқан.

Ойына ісі жарасқан.

Оқушылардың бойына,

Ізгілік нұрын таратқан.


Лариса Петровнаға:

Шәкірттің ашып зейінін.

Оқуға бөлген пейілін.

Ілімге арнап өмірін,

Ақтаған бала сенімін.


Ирина Ивановнаға:

Балаға берген мейірім.

Ілімге ашқан зейінін.

Еңбекпен жеткен жеңіске,

Шәкіртке бөлген пейілін.


Мадина Ирмановнаға:

Мадина апай ерекше.

Дайынсыз әркез көмекке.

Оқушысына әрдайым,

Білім беретін бөлекше!

Сіздей ұстаздар әрдайым,

Еліне қымбат емес пе?!


Айман Слямияевнаға:

Ай менен күндей жарқырап.

Өзендей тасып, сарқырап.

Шәкіртке берген білімін,

Мойынға міндет артып ап.

Дәл өзіңіздей алтын жан.

Бар асылдардан артық-ақ!


Нұргүл Надырәліқызына:

Нұрдай сұлу, әдемі!

Дәл сіздей кімдер бар еді?!

Мектебіміздің сіздердей,

Ұстаздары шын сәні еді!


Ғалия Рашидовнаға:

Білім бергенде балаға.

Адалдық тұрар санада.

Өзіңіз барда, жан апай,

Білімсіз бала қала ма?!


Әлия Шаймұханбетовнаға:

Табанды жансыз, әрдайым.

Баланың ұққан мән-жайын.

Білімге баурап шөжені,

Сипаған әркез маңдайын.


Елена Павловнаға:

Мектептің темір қазығы.

Өзіңіз әркез боласыз.

Ұстаздың мінсіз қалыбы,

Біздерге болған сан үлгі.

Өн бойыңыздан табасыз!


Зәуреш Сейтановнаға:

Баланы баққа бөлеген.

Ұстазсыз әркез, көреген.

Жарқырап жүрер әрқашан,

Біледі сізді барша жан!


Саина Жанболатовнаға :

Жас болсаңыз да, үлгілі.

Ұстаздай мықты бірлігі.

Балаға берген білімді,

Мектептің сізсіз бір гүлі.

Қыздың жүгіндей тірлігі!


Алтын Сериковнаға:

Алтындай жүрер жарқырап.

Білімі әркез сарқырап.

Балаға құяр қашанда.

Зейінін бірге қамтып ап.

Атыңыз бенен затыңыз.

Шынында шіркін, алтын-ақ!


Ирина Юриевнаға:

Талмайсыз білім беруден.

Шыққансыз әркез көңілден.

Шәкіртіңізге қашанда,

Қарайсыз үлкен сеніммен!


Айткуль Исабековна:

Пейілі көкпен таласқан.

Бойына ойы жарасқан.

Тамаша жансыз ерекше!

Шәкірт ойымен санасқан.


Ольга Ивановнаға:

Мектепке арнап өмірін.

Көтерген көптің көңілін.

Шәкіртке білім ұсынып,

Көрсеткен әркез төзімін.


Бахтула Шариповнаға:

Сымбатты, сұлу, өжетсіз!

Мектепке дәйім, керексіз.

Оқушыларын сүйетін,

Бөліп, жармастан себепсіз.


Аслан Мұратұлына:

Білімге бастап жастарды.

Бағындыратын асқарды.

Сіздердей жандар ұнатқан.

Мақсатқа қадам басқанды.

Шәкірттің жолын ашқанды.


Гуля Акылбековнаға:

Мектептің болған жүрегі.

Шәкірттің әркез тірегі.

Жан-тәніменен ілімге,

Арналған барлық тілегі.

Жарқырап жүрер қашанда,

Аман болыңыз үнемі!


Арай Турашевнаға:

Өзіңіз нағыз ұстазсыз.

Шәкірт қадірін ұққансыз.

Әр күнді етіп баспалдақ,

Биікке өрлеп шыққансыз!


Әсем Қайыргелдіқызына:

Ұлағатты ұстазымыз өзіңіз.

Орныңыз бен, бөлек тіпті жөніңіз.

Әр баланың жан дүниесін түсініп,

Жәрдем берер әрбір жылы сөзіңіз.


Қымбат Мұратовнаға:

Ұлағатты, өнегелі ұстазсыз.

Әр шәкірттің қасиетін ұққансыз.

Тәлім беріп, білім нәрін әрдайым,

Балаларға ұсынуға құштарсыз!


Махсатхан Алтынбекұлына:

Әр шәкіртке білім нәрін ұсынған.

Балапандай қанат беріп ұшырған.

Аянбастан еңбек етіп келесіз.

Мектеп теңіз, сіз жол бастар кемесіз!


Светлана Самигуллиевнаға:

Ұстаз деген ұлағатты есімге.

Талай адам талпынады жетуге.

Өзіңізден үлгі алған әр шәкірт,

Мақсат қояр ілім алып өсуге!


Майраш Ермекқызына:

Ұстаз болу қасиетті ұлы есім.

Ұстаз болу қиындықпен күресу.

Өзіңізді қадірлейміз әрдайым,

Жарқыратар әр шәкірттің маңдайын!


Гүлзат Балғатқызына:

Айдай сұлу, жаны жайсаң ұстазсыз!

Жақсылықты үйретуге құштарсыз.

Әр шәкірттің жүрегіне жол тауып,

Өр биікке еңбекпенен шыққансыз!


Алия Юсупбековнаға:

Аяулы да, асыл ұстаз өзіңіз.

Есте қалар әрбір айтқан сөзіңіз.

Әр шәкіртті түзу жолға салады,

Сіз көрсеткен тәлім менен жөніңіз.


Ануар Бақытжанұлына:

Ұстаз болу кейбіреуге бір арман.

Шақыратын алыстағы мұнардан.

Игі ісіңіз берекесін арттырып,

Жеміс берер күндер күтіп тұр алдан.


Гүлжан Суюнтаевнаға:

Тәлім алар өнегелі ұстазсыз.

Жаңашылсыз, мына өмірге құштарсыз!

Қашықтықты бағындырып, әрқашан,

Талай жерде жүйріктерді ұтқансыз!


Шолпан Лесқызына:

Салиқалы сіз бір жансыз керемет!

Жыр шумағын аянбастан төгер ек.

Ұсынатын әр шәкіртке жүрегін.

Шәкірт болса арнап жүрер тілегін!


Гульбаршин Галымовнаға:

Әп-әдемі жібектей мінезіңіз.

Орындалсын мақсат пен тілегіңіз.

Ұлы ұстаздың байрағын биік ұстап,

Білім деген жүрекке гүл егіңіз!


Гульмира Жумагалиевнаға:

Ұлағатты, үлгі тұтар ұстазым.

Келер менің өзіңізге ұқсағым.

Жүрегіңіз жүмсақ мақта секілді.

Талай тары балапанды мәпелеп,

Жолын сілтеп, қуат беріп өсірді!


Рахат Омашевна:

Нағыз ұстаз мақтан тұтар өзіңіз.

Әр еңбектің берекесін көріңіз.

Шәкірттерден шабыттанып әрқашан,

Білім нәрін, аянбастан төгіңіз!


Гаухар Турашевнаға:

Әр уақытын еңбегіне арнаған.

Мамандығын махаббатпен таңдаған.

Шәкіртіне білім бере отырып,

Тәрбиеге баулудан еш талмаған.


Аршагуль Жанбырбаевнаға:

Ұстаз деген ұлағатты есімді.

Мақсат еткен әркез мақтан етуді.

Оқушыға талмай ілім таратып,

Көздей білген нәтижеге жетуді.


Бибигуль Бахытовнаға:

Нағыз ұстаз өзіңіздей сауатты.

Білетұғын тәртіп пенен талапты.

Еңбегіңіз нәтижесін көрсетіп,

Шәкірт өссін, әрқашанда талантты.


Ажар Муслимовнаға:

Ұстаз болу мәтебелі мамандық.

Әр балаға танытатын табандық.

Тәрбие мен білім беріп әйтеуір,

Ең соңында шығарасыз, адам ғып!


Нұрбақыт Заркешевнаға:

Ұстаз деген өзіңіздей жан ізгі.

Аямаған тәрбие мен тәлімді.

Мақсатыңыз орындалсын әрқашан,

Бұл мамандық шабыт алар, шаршасаң!


Меруерт Нұрлановнаға:

Нағыз ұстаз өзіңіздей құрметті.

Түсінетін, абырой мен міндетті.

Еңбегіңіз еленумен әрқашан.

Сыйлай білсін шәкірт болған барша жан!


Гүлжазира Бекболатовнаға:

Ұстаз болу, Тәңір берген бір бақыт.

Өз ісіңе болсаң егер шын ғашық.

Әр шәкіртің анасындай сыйлайды.

Ойын бүкіпей, отырады сырласып.


Айшолпан Аиповнаға:

Ұстаз болу, Тәңір берген бір бақыт.

Махаббатты мамандыққа ұрлатып.

Күндіз-түні ізденісте жүресің,

Мектебіңді ұмыта алмай бір уақыт.


Гүлжан Ережеповнаға:

Мектебіміз мақтан тұтар әрдайым.

Адал жансыз, жасар жанның жағдайын.

Ешқашанда аямастан жәрдемін,

Көмектесер түсіндіріп мән-жайын.


Тілеужан Сериковнаға:

Ұстаздық деген әрқашан.

Қуат алардай шаршасаң.

Ең қызық, қиын мамандық.

Таныта білер табандық.


Венера Жандосовнаға:

Ұстаз болу, Тәңір берген бір бақыт.

Қара термен шыңыраудан, шыңға шық.

Он екіні бөліп қырық минутқа,

Сөйлейсің-ау, тамағыңды құрғатып.


Алма Айтбаевнаға:

Ұстаз болу, Тәңір берген бір бақыт.

Қаламменен кейде аласың сырласып.

Әнші де өзің, жазушы да, биші де,

Қажет болса, жібересің жырлатып.


Ардақ Нұржановнаға:

Ұстаз болу, Тәңір берген бір бақыт.

Өнеріңді көрерменге тыңдатып.

Залды тастап орындықты босатып,

Кете берер қолыңызды бұлғатып.

Ұстаз болу, Тәңір берген бір бақыт.


Арнольд Албертұлына:

Ардақты жан мамандығын сүйетін.

Әр баланың қабілетін білетін.

Аянбастан еңбек етіп әрдайым,

Адал жансыз риза болып, жүретін.


Гульмира Мухтарамовнаға:

Гүлдей жайнап, нұрға бөлеп маңайын.

Ашатұғын тыңдар жанның сарайын.

Оқушы ма, әріптес пе бәрібір,

Қуанышқа бөлеп жүрер маңайын!


Бауыржан Серікұлына:

Байсалды да, ардақты ұстаз өзіңіз.

Ойыңыз бен бөлек әркез жөніңіз.

Әр шәкірттің биіктерге жеткенін,

Талмай жүріп, қуанышпен көріңіз.


Нұрсұлтан Романұлына:

Бағалайтын әр баланың еңбегін

Қалайтұғын сабаққа мән бергенін.

Өз ісінің майталманы өзіңіз,

Әр еңбектің берекесін көріңіз.


Қарлығаш Мутигулиевнаға:

Ұстаз болу бақытына бөленген.

Білім беріп, қуат алып көгерген.

Оқушының жан-дүниесін түсініп,

Ілім берген әркезде де, тереңнен.


Аділет Қайратұлына:

Оқушыны жан досындай түсінген.

Байыптылық көрінеді ісіңнен.

Байсалды да, қарапайым қалпыңыз,

Әр балаға сенімділік бітірген.


Раушан Мақсатовнаға:

Өзі сұлу бір мектептің гүліндей,

Әркезде де жүретұғын күлімдей.

Оқушыға білім берген сөйлетіп,

Ағылшынша төл өзінің тіліндей.


Мектебіміздің ардагер ұстаздарының бірі Казимова Айгүл Жұмашқызы жайында жазып өтуді жөн көрдім. Еліміздің білім беру кеңістігінде оқушыларды білім нәрімен сусындатып, біліммен қатар өнегелі тәрбие беріп, шәкірт жанын нұрландырған ұстаздарымыздың бірі- Казимова Айгүл Жұмашқызы. Ұстаз атты аяулы мамандықтың хас шебері ретінде оқушыларды сапалы білммен азықтандырып келе жатқан, жоғарға құрметке тұрарлық ұстазымызбен бірге еңбек етудің өзі бір бақыт! Айгүл Жұмашқызы Орал педагогикалық университетін

1976 жылы аяқтап, өзінің еңбек жолын химия пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. Білімді, білікті маман ретінде ерекше бағаланған ұстазымыз Орал педагогикалық университетінің химия кафедрасында оқытушысы және ғылыми қызметкер болып бірнеше жылдар бойы адал еңбек еткен. 1988 жылы химиядан кандидаттық диссертациясын қорғады.Осы мектепте 2016 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Өз мамандығының үздігі, мықты педагог ретінде сабақтарын жоғары деңгейде өткізеді. Оқушыларды сабақ барысында шығармашылыққа баулытады, эксперименттер арқылы химияға қызықтырып, оқушылар арасында сенімді қарым-қатынас және серіктестік атмосферасын жасайды. Бұл іс-әрекеттер тек қана жаңашыл, жаңа форматтағы педагогтарға тән, яғни Айгүл Жұмашқызы қазіргі заман талабына сай, қоғамның қарқынды дамуына ілесе алатын, ғылыми-әдістемелік білімі жеткілікті, құзыреттілік қабілеттері жоғары деңгейдегі маман. Айгүл Жұмашқызы соңғы бес жыл ішінде химия пәнінен олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысының 34-жеңімпазын шығарды. Ғылыми және шығармашылық жұмыстың арқасында 41 ғылыми-педагогикалық жұмыстары жарыққа шыққан, Қазақстан Республикасының жалпыға орта білім беру мемлекеттік стандарты бойынша мектеп оқушыларына арналған химия оқулығының , сонымен қатар «Адам және қоршаған орта», «Зертхана химигі»,

«Химия. Оқуға арналған кітап» тағы сол сияқты басқа да құнды еңбектердің авторы. 2016-2018 жылдар аралығында Қазақ радиосының «Үй жұмысы» атты проекті бойынша серіктес. Республикамыз бойынша білікті ұстаздарды жариялайтын «Алтын фонд» жинағында тіркелген. Айгүл Жұмашқызын «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Осындай ұстаздардың аянбай еткен еңбектерінің нәтижесінде биылғы оқу жылының да бастамасы жаман емес.

Білім беру-тиісті оқу орны арқылы ғылыми мағлұмат беріп, адамның танымын, білімін, дағдысын, дүниеге деген көзқарасын жетілдіру процесі. Қоғам мүшелерінің мәдениетін дамытудың негізгі шарты; мақсаты – адамның адамгершілік, интектуалды, мәдени дамуында және олардың денесінің дамуында, кәсіптік біліктілігінде жоғары деңгейге қол жеткізу болып табылады. Тәрбие мен оқытудың үздіксіз процесі; жүйеге келтірілген білім, іскерлік дағды және ойлау тәсілдері көлемін меңгеру процесі мен нәтижесі. Білімділіктің басты өлшемі – білімнің жүйелілігі, ойлаудың жүйелілігі мен логикалылығы. Білім беру жүйесінің басты міндеттері – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіпке үйретуге бағытталған біліммен қамтамасыз ету болып табылады. Білім беру оқыту мен өз бетінше іздену негізінде жүзеге асырылады. Осы мақсатта біздің Республикалық физика-математикалық мектептің жасап жатқан әрбір бастамалары игілікке толы дүниеге ұласып келеді. Оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызықтыру үшін Алматы мен Нұр-Сұлтан мектептерінде барлық пәндер бойынша олимпиадалық резерв мектептері жұмыс істейді. Ай сайын мектептердің қабырғасында резервке іріктеу жүргізіледі, сондықтан пәндік олимпиадада бағын сынағысы келетіндердің барлығы іріктеуге қатыса алады. Оқушыларды дайындауға мамандар шақырылады. Олар көбінесе РФММ түлектері және халықаралық олимпиадалардың бұрынғы жеңімпаздары. Оқытушылар мен студенттердің үйлесімді жұмысының арқасында РФММ жыл сайын республика мектептерінің арасында жетекші орын алады.

РФММ -ның Қазақстан Республикасының аумағында да, шетелде де университеттер ішінде негізгі серіктестері бар. Мәселен, Мәскеу Мемлекеттік университеті сияқты оқу орындарымен байланыс орнатқанын атап өтуге болады. Олармен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды, соған сәйкес олар түрлі семинарлар өткізуге, зертханаларымен қамтамасыз етуге, сонымен қатар біздің түлектерді өз оқу орындарына шақыруға көмектеседі. Олимпиадалардан басқа мектеп жыл сайын ғылыми жобаларда жоғары орындарды иеленеді. Серіктестеріміздің арқасында студенттеріміз академиялық кеңесшілермен жұмыс жасап, нәтижесінде тамаша зерттеу идеялары пайда болады. Ал студенттер, сәйкесінше, ішкі және халықаралық аренада өте нәтижелі көрсеткіштерге жетіп келеді. Ғылыми жобалардың халықаралық байқауларының ішінде Intel ISEF және Колмогоров оқуларын ерекше атап өтуге болады. 30 қазан – 6 қараша аралығында күзгі каникул кезінде «РФММ» мен «Физмат академиясы» жеке мекемесі бірлесіп Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Оқу-жаттығу жиынының мақсаты балаларды жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша олимпиадаларға дайындау болды. Оқытушы ретінде Ресей мен Қазақстаннан тәжірибелі тренерлер шақырылды. 7-11 сынып оқушылары қатысты. Тренинг бағдарламасы балаларға арналған білім беру және мәдени-сауықтыру шараларын қамтыды. 2-4 қарашада Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы РФММ базасында физика, математика, информатика пәндері бойынша қалалық Жәутіков олимпиадасының финалы өтті. Олимпиаданың қорытындысы бойынша төмендегі оқушылар математикадан жүлделі орындарға ие болды: Бекен Әділ, 9 сынып. – 1 орын, Құралов Ади 7 сынып. – 1 орын, Аллажар Жансая 9 сынып. – 2 орын, Шильникова Карина 9 сынып – 3 орын, Марат Ленар 7 сынып. – 3 орын. 5 қарашада Алматы қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Нұр-Сұлтан базасында РФММ филиалының базасында 7-11 сынып оқушылары арасында геометрия пәнінен Иран олимпиадасы өтті. Ең алғаш рет ирандық геометрия олимпиадасы 2014 жылы өткен болатын. Олимпиада тапсырмалары олимпиадаға бір апта қалғанда қатысушы елдерге жіберіледі және әр ел оған қашықтықтан қатысады. Бірінші олимпиадаға 10-шақты ғана мемлекет қатысса, ал жетінші өткен олимпиадада олардың саны 40-тан асты. РФММ оқушыларына Нұр-Сұлтан қаласынан да, Алматы қаласынан да қатыстысуға мүмкіндік жасалды. 8-13 қарашада Ферғана қаласында (Өзбекстан) физикадан бірінші Әл-Ферғани атындағы халықаралық олимпиада өтті. Олимпиадаға қатысуға 2021 жылғы Халықаралық физика олимпиадасының (IPhO) рейтингінде жетекші орындарды иеленген алыс және жақын шетел мемлекеттері шақырылды. Олимпиадаға 18 елден, соның ішінде Ресей, Әзірбайжан, Беларусь, Румыния және т.б. 130-ға жуық мектеп оқушылары қатысты. Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасына Нұр-Сұлтан қаласындағы РФММ -ның, 11-сыныптың екі оқушысы Даниил Шатохин және Асқар Касимов қатысты. Олимпиаданың қорытындысы бойынша Шатохин Даниэль күміс, Касимов Асқар қола медальға ие болды. 11 қарашада тіл білімі бойынша олимпиаданың екінші (облыстық) туры өтті. Облыстық турға мектептен 6 оқушы қатысты. Мұғалімдердің жұмыстарын тексеру қорытындысы бойынша республикалық турға қатысатын тіл білімі бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің тізімі жасақталды. Төмендегі аймақтық кезеңдегі үздік үштіктің есімдері көрсетілген. 1 Пересыпкина Дария 11 РФММ Нұр-Сұлтан қаласы 2 Масимова Надира 10 РФММ Нұр-Сұлтан қаласы 3 Никулин Данил 10 РФММ Алматы қаласы 14 қарашада РФММ базасында, Нұр-Сұлтан қаласында физика пәнінен Ашық Бүкіл Сібір олимпиадасының 1-кезеңі өтті. Бұл олимпиадаға қатысу шетелдік студенттерге Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарына мерзімінен бұрын түсу мүмкіндігін ұсынады, сонымен қатар жақсы дайындық және қазіргі уақытта өз білімдерін тексеру алаңы болып табылады. Олимпиада барысында барлық санитарлық нормалар сақталды. Жұмыстар тексеру үшін ұйымдастыру комитетіне жіберілді. Осы нәтижелер бойынша олимпиаданың Орталық ұйымдастыру комитеті финалдық кезеңге қатысушылардың тізімін жасайды. 14 қарашада жалпы білім беретін мектеп оқушыларының информатикадан XIII Еуразиялық олимпиадасының Интернет желісі бойынша іріктеу кезеңі өтті. Олимпиадаға мектептен 9 команда қатысты. Команда 3 оқушыдан және 1 жетекшіден тұрады. Соңғы тур желтоқсан айында Алматыда өтеді. 15-18 қарашада Қарағанды қаласында академик Е.А. Бөкетов жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша XIV Президенттік олимпиаданың үшінші (республикалық) кезеңі өтті. Мектептен 11-ші сынып оқушылары Сахипова Зарина мен Сергей Цой қатысты.

Тазалық – денсаулық негізі,

Денсаулық – байлық негізі.

Адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек. Дені сау адамның көңіл-күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Отанымыздың келешегі, көркеюі – салауатты өмір салтын сақтау қолдауда.

Қараңғы үйге кіріп келіп шам жақсаңыз, шам үйді жарық қылады. Көп қызыл гүлдің ішінен бір ақ гүл көрсең, көзің соған түседі. Біздің де өмірімізді жарық қылатын, жан-жағымызға тамаша сәулесін шашатын, өмірдегі басты байлық – денсаулық. Денсаулық – бұл адамның еңбекке белсенді болуы, әрі ұзақ өмір сүруі, тәннің саулығын және рухани саулығын сезіну.

Бүгінгі таңда әлем жұртшылығы күресіп келе жатқан, қатерлі дерт әлі де айылын жиа қоймаған кезеңде, әсіресе балалардың денсаулығына басты назар аудару тек қана ата-аналардың емес, ұстаздар қауымының да үлкен уайымына айналды. Біздің мектептің ұстаздары мен медицина қызметкерлері әрдайым оқушылардың жағдайын бақылауда ұстап, барынша санитарлық тазалықты сақтап жүрулеріне аса мән береді. Сонымен қатар, мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап дене қызуын өлшеп, жағдайларын сұрап қарсы алу қалыпты үрдіске айналған. Ал, өз кезегінде мектеп кураторлары, балалардың мектепке келуге деген ынта-жігерін арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Қазіргі уақытта оқушылардың басым бөлігі қашықтықтан оқу барысында қимыл-қозғалыстары бәсеңдеп қалғанын байқап, қалайда балалардың денсаулығы мен сабақ оқуға деген қызығушылығын ояту үшін, таңертең әртүрлі әуенге қосылып қимыл-қозғалыстарын жасатуға барын салады. Бұл идеяны ойлап, жүзеге асырып жүрген 5 «А» сыныбының жетекшісі Аслан Мұратұлы. Аслан әрдайым балалар қызығатын видеоларды дайындап келіп, мектепке келген оқушыларды әдемі әуенмен қарсы алады. Мектепке кірген сәттен көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жанның еңбегінің нәтижесінде, балалар да күні бойы қуаттанып білім алуға деген жігерлерінің артатыны айдан анық! Осындай қиын кезеңде, балаларға шын жанашыр жандардың мектеп қабырғасынан табылғаны қандай керемет! Кейде, ата-аналардың өзі қызығып қарап тұрады. Ата-ана, ұстаз және оқушының ойы бір нүктеге түйіскен сәтте ғана еңбектің жемісін көрер сәт те алыс емес!

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ xалқы. Қайырымдылық-адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар көбейіп келеді. Қайырымдылық жасауға мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отыр. Жақсылық жасайтын жандар әрқашан және әркезде табылады. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі де жақсылық жасаудан еш аянған емес. Қазіргі кезде әрбір адам жылы сөзге, мейірімге мұқтаж, өзгелердің көмегіне зәру. Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» – деген халқымыздың игі дәстүрі қазіргі кезде қайырымдылық қоғамдарының іс-тәжірибелерімен жалғастырылып келеді. Игілікті істің бастамасы ретінде жыл сайын мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алия Юсупбекованың жетекшілігімен мектепте жәрмеңке ұйымдастырылып тұрады. Жәрмеңкеден жиналған қаражат қаладағы мұқтаж жандарға көмек беруге жұмсалады. Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында жағдайы төмен отбасының балаларына қыстық киім-кешек, азық-түлік тағы да тұрмысқа қажетті заттарды апарып, барынша қуантуға тырысып келеді.

Биыл да, жылдағы дәстүр жалғасын тауып мектепте жәрмеңке ұйымдастырылуда.

Сөз соңында, елу жыл мен бес жылдық тарихы бар, атасы мен немересінің ғұмыр жасының ұзақ болуына шын жүректен тілектеспін! «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар»,– деп қазақ айтып кеткендей әрдайым аға буыннан үлгі алып, өркендей берерімізсөзсіз. Бес жыл уақыт кеңістігінде аз ғана болып көрінуі мүмкін. Алайда, бес жылдық тарихқа көз жүгіртсек жеткен жетістіктеріміз көңілге қуаныш ұялатады.

Мен де, осы шаңырақтың бір мүшесі ретінде «Алтын ұя мектебіміздің» ары қарай жандануына барынша өз үлесімді қосқым келеді.

Мектеп ұжымы мен оқушыларымыздың әрдайым діттеген мақсаттарына жетіп, биік шыңдарды бағындыруына тілектеспін!


Оглавление

  • Кіріспе
  • Арманға бастар – асулар!
  • Әбу Насыр әл-Фараби
  • Бірінші тарау
  • Өтеш Әбдімәжит Қоңырбайұлы
  • РФММ түлектері
  • Екінші тарау